Жылуға жауапты коммуналдық ұйымдар күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді – әкім
Ақтөбеде жылу беру жүйесінің жұмысына жауапты барлық коммуналдық ұйым күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді, тәулік бойы кезекшілік нығайтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы қала әкімі Мұрат Жөребеков әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Бүгіннен бастап алдағы апта синоптиктердің болжамынша толығымен аязды күндер күтілуде. Сынап бағаны күндіз минус 25 градус, ал түнде 38-ден төмен температураны көрсетіп тұр. Осыған байланысты өңір басшысы Ералы Лұқпанұлы Тоғжановтың тапсырмасына сәйкес, қала бойынша жылу беру жүйесінің жұмысына жауапты барлық коммуналдық ұйым күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді, тәулік бойы кезекшілік нығайтылды. Қазір барлық тұрғын үй мен әлеуметтік нысандарда жылу штаттық режимде беріліп тұр, - деді ол.
Сонымен қатар қала басшысы аса қажеттілік болмаса алысқа жол жүрмеуге кеңес берді.
Дегенмен, өздеріңнің қолдауларыңыз қажет. Үйлеріңіздің жылу желісін үйді басқарушы компаниямен (КСК, ОСИ, кондоминиум) бірге қадағалап, тексеріп отырғандарыңыз абзал. Сонымен қатар, аязды күндері аса қажеттілік болмаса сыртқа шықпауды, алысқа жол жүрмеуді сұраймын. Сондай-ақ, автотұрақтар мен аялдама аумақтарынан қар шығару кезінде кедергі болмас үшін жол жиегінде көлік құралдарыңызды қалдырмауларыңызды сұраймын. Себебі, қазір қалада соңғы екі күн бойы толассыз жауған қалың қарды тазалау жұмыстары күні-түні жүріп жатыр. Өткен түнде алдымен көлік көп жүретін, автобустар бағыттары бар көшелерге, көпірлерге күш салынды. Қала ғана емес, қала аумағына қарасты 54 тұрғын алаптың да жолдары аршылып жатыр. Жаяу адамдар жүретін жол бөліктері де назардан тыс қалмайды, - деді қала басшысы.
Қазір қаланы жылумен, электр қуатымен, сумен және газбен жабдықтау желілері толық штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Бұдан бөлек, барлық бизнес нысанды, мекемелер ғимараттары және көп қабатты тұрғын үйлердің басқарушы компаниялары өздерінің іргелес аумағынан қар шығарып, мұз ойып, адамдардың өміріне қауіп төндірмеу жағын қолға алулары керектігін ескертемін. Жалпы алғанда қазір қаланың өмірін қамтамасыз ететін жылумен, электр қуатымен, сумен және газбен жабдықтау желілері толық штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Алаңдауға негіз жоқ. Мұны өзім жеке бақылауымда ұстар отырмын, - деп жазды Мұрат Жөребеков.