Жылу маусымына дайындық. 28 нысанда күрделі жөндеу жүріп жатыр
Павлодар қаласында жылу маусымына дайындық шеңберінде 28 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінгі таңда облыс орталығындағы жылу желілерінің тозу деңгейі 92%-ды құрайды. Ал жалпы ұзындығы - 830 шақырым. Жылу тарату құбырларының сенімділігі мен сапасын жақсарту мақсатында 1,8 млрд теңге бөлінген.
Мамандардың хабарлауынша, жылу маусымы аяқталған соң желілерде гидравликалық сынақтар жүргізілген. Нәтижесінде 200-ден астам ақау анықталған. Қазіргі уақытта оларды жою және апатты учаскелерде жөндеу жұмыстары қызу.
Алдағы жылу маусымына дайындық аясында инвестициялық жобалар да қолға алынған.
«Павлодар жылу желілері» кәсіпорнының бөлім бастығы Елена Чернованың айтуынша, қазіргі уақытта Павлодарда екі бірдей жоба жүзеге асырылуда.
«Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарлама бойынша тозығы жеткен екі учаскеде күрделі жөндеу жүріп жатыр. Мәселен, орамішілік желінің 720 метрі ауыстырылады. Құбыр үстіміздегі жылдың соңында қолданысқа беріледі. Бұл жұмыстар жылу маусымы кезінде тұтынушыларды жылумен қамтуда кедергі келтірмейді. 1985 жылы іске қосылған нысанды ауыстыруға шамамен 400 млн теңге бөлінді. Желінің нормативтік мерзімі өтіп кеткен, - дейді Елена Чернова.
Сонымен қатар, Лесозавод және Радиозавод шағын аудандарын сапалы жылумен қамту және жаңа тұтынушыларды қосуға мүмкіндік беру мақсатында сорғы станциясы реконструкциядан өтуде.
Айта кетейік, инвестициялық бағдарлама аясында арнайы техниканың 43 бірлігін сатып алу жоспарланған. Бұған 104 млн теңге жұмсалмақ. Заманауи техника құралдары ағымдық және күрделі жөндеу жұмыстарының сапасын айтарлықтай арттырмақ.