3 Тамыз 2026, 16:21 Фото: ашық дереккөз

Жылқы ұрлады деп сотталып, артынша ақталған ақтөбелік қария өтемақы талап ете ала ма? 

Қарияның оқиғасы әлеуметтік желіде қызу талқыланып, ешкімді бей-жай қалдырмады.

Ақтөбелік 60 жастағы қария Рахат Сәрсенбайдың оқиғасы желіде қызу талқыға түсті. 33 жыл бойы бір қожалықтың жылқысын баққан қарияны жылқы ұрлады деп айыптап, сот 7 жылға соттаған болатын. Алайда артынша апелляциялық соттың шешімімен Рахат Сәрсенбай ақталып шықты. Қария сот залынан көзіне жас алып шықты. Бұл оқиға туралы не белгілі? BAQ.KZ тілшісі шолу жасады. 

Рахат Сәрсенов Мұғалжар ауданы Сағашелі ауылының тұрғыны. Алғашқы сот үкімі биыл 15 мамырда шыққан. Ол кезде қария 7,5 жылға сотталған екен. Үкім шыға сала Рахат Сәрсенбайды сот залынан бірден қамауға алып кеткен. Қария қамауда екі айдай отырды. 

Жақында апелляциялық соттың шешімі шығып, қария толық ақталып шықты. Туыстарының айтуынша, оған қатысты арыз инсульт алып, ауыр халде жатқан кезде жазылған. Сол уақытта ол қол қойып жатқан құжаттардың мазмұнын толық түсінбеген.

Қария моральдық өтемақы талап ете ала ма? 

Жылқышының көзіне жас алған видеосы әлеуметтік желіде тарап, көрген адамдар бей-жай қарай алмады. Қазақстандықтар қария шаруа қожалығының иесін сотқа беріп, моральдық өтемақы талап етуі керегін жарыса жазды. 

Біз бұл мәселеге қатысты заңгер Арыс Данагатовтың пікірін білдік. Ол бұл жағдайда моральдық өтемақы талап етуге болатынын айтады. 

Ең алдымен сот шешімін көру қажет. Егер шешімде өтемақы алу құқығы белгіленген болса, әрине материалдық және моральдық шығынды өтеу үшін сотқа беруге болады. Себебі заңсыз шектеу болды. Екі ай қамауда отырған. Денсаулығына келген зиян, шығындарды өндіріп алуға болады, - дейді заңгер. 

Жақындарының мәліметінше, инсульттен кейін жылқышы қарияның денсаулығы күрт нашарлаған. Бір қолы мен бір аяғы іс жүзінде қимылдамайды, сондай-ақ сөйлеу қабілетінде де елеулі қиындықтар бар.