5 Қараша 2026, 12:41 Фото: Polisia.kz

Жылқы мен ірі қараны ұрлап, сатып отырған: Павлодарда қылмыстық топ ұсталды

Тінту кезінде екі жылқы мен бес бас ірі қара табылып, тәркіленді. Ал бес күдіктінің төртеуі қамауға алынды.

Павлодар облысында мал ұрлығымен айналысқан бес адамнан тұратын қылмыстық топ ұсталды. Күдіктілер бірнеше ай бойы аудан тұрғындарының малын ұрлап келген. Қазіргі уақытта олардың бес ұрлық дерегіне қатысы бары анықталды,деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі хабарлайды.

Полиция мәліметінше, күдіктілер жылқы мен ірі қараны ұрлаумен айналысқан. Жедел-іздестіру шаралары барысында олардың барлығының жеке басы анықталды. Күдіктілердің барлығы Павлодар облысының тұрғындары болып шыққан.

Мал сатып алушылардың бірінің үйінде жүргізілген тінту кезінде ұрланған екі жылқы мен бес бас ірі қара табылып, тәркіленді. Сонымен қатар іске қатысы бар көлік құралдары да анықталған.

Павлодар облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Жаслан Танжановтың айтуынша, күдіктілердің төртеуі қамауға алынған. Тағы бір адамға елден шықпау туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.

Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр. Полиция ұсталғандардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.

Ведомство мәліметінше, тергеу барысы полиция департаменті басшылығының бақылауында.

Еске салсақ, Шымкентте есірткі дүкенінің курьері болды деген күдікпен жас жігіт ұсталды. Оның жалдамалы пәтерінен және қала аумағындағы жасырын орыннан жалпы салмағы 200 грамнан асатын мефедрон тәркіленді.