Жылдың соңы: Қандай министрліктер мен әкімдіктер бюджет қаржысын игере алмай отыр?
Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев биыл 11 айдың қорытындысы бойынша мемлекет қаржысының игере алмай отырған министрліктер туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, 11 ай ішінде мемлекет бюджетіне түскен кіріс сомасы – 8,2 трлн теңге, ал республикалық бюджетке 12,6 трлн теңгеге жуық қаражат түскен.
Алайда жоспар тиісті деңгейде орындалмаған. Жоспар 94,4% орындалды. Оның орындалмауы негізінен салықтарға тиесілі. Атап айтқанда, корпоративтік табыс салығы, импортқа салынатын қосылған құн салығы, пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық және шикі мұнайға экспорттық кеден бажы есебінен қалыптасты, - деді Жамаубаев.
Вице-премьердің дерегінше, жергілікті бюджеттердің кірісі - 5,7 трлн теңге . Жоспар 478 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 425 млрд теңгеге асыра орындалған.
Республикалық бюджет бойынша сомасы 20 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді. Атқарылмаған сома – 336 млрд теңге, оның ішінде үнемдеу – 29 млрд теңге. Игерілмегені – 307 млрд теңге.
Ең көп игерілмеген сома Ішкі істер, Өнеркәсіп және құрылыс, Төтенше жағдайлар және Мәдениет және ақпарат министрліктеріне тиесілі. Игерілмеудің негізгі бірнеше себебі – өнім берушілердің тауарларды уақтылы жеткізбеуі, конкурстық рәсімдерді дер кезінде өткізбеуі, қосымша келісімдерді жасасу рәсімдерін ұзақ жүргізу және тағы басқа, - деді Ерұлан Жамаубаев.