Жылап, видеоға түсірген: Шымкентте үндістандық студентпен болған жанжал желіге тарады
Әлеуметтік желілерде Үндістаннан келген студент пен жергілікті жігіттер арасында болған жанжал түсірілген бейнежазба тарады. Видеода жергілікті азаматтардың үндістандық студенттің қолындағы телефонды қағып алуға тырысып, оны келемеждегені, ал студенттің жылап тұрғаны көрінеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шымкент қаласының Полиция департаменті 11 қаңтар күні қаладағы базарлардың бірінде шетелдік азамат пен базар күзетшілері арасында жанжал болғанын растады.
Тексеру барысында аталған азаматтың әлеуметтік желілерге жариялау мақсатында бейнежазба түсіргені, бұл ретте қатты музыка қосып, сатушыларды олардың келісімінсіз видеоға алғаны анықталды. Осы әрекеттері арқылы саудаға қатысушыларға қолайсыздық тудырған. Тілдік кедергіге байланысты сатушылардың ескертулерін шетелдік азамат бірден түсінбеген. Бірқатар сатушылар бейнежазбаны тоқтатуды және дыбыс деңгейін азайтуды сұрағаннан кейін базар күзетшілерінен көмек сұраған. Кейін тараптар арасында ауызша жанжал туындап, ол қоғамдық тәртіпті бұзуға ұласқан, - деп хабарлады Шымкент қалалық Полиция департаменті.
Полиция мәліметінше, аталған дерек бойынша құқық бұзушылар ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілген. Оларға қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданады.
Сондай-ақ оқиғаға қатысқан барлық тараппен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, келісімсіз бейнетүсірілім жасауға және қоғамдық тәртіпті бұзуға жол берілмейтіні жөніндегі заң талаптары түсіндірілді.