Жыл соңына қарай ұшақтарда интернет болады – вице-министр уәде берді
Басымдық алыс қашықтыққа ұшатын лайнерлерге беріледі.
Қазақстанда ұшақ бортында интернет енгізу мәселесі пысықталып жатыр. Бұл жұмыс Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп жүргізілуде, ал алғашқы қосылулар елге жақын уақытта жеткізілетін жаңа әуе кемелерінде пайда болады деп күтілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың айтуынша, басымдық алыс қашықтыққа ұшатын лайнерлерге беріледі. Олардың қатарында Boeing 787 Dreamliner ұшақтары да бар.
Бұл бағыттағы жұмыс Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп атқарылып жатыр. Биыл бізге жеткізілуі жоспарланған әуе кемелері – Dreamliner 787 ұшақтары. Ең алдымен солардың бортында интернет орнату көзделіп отыр. Қажетті жұмыстар жүргізілуде. Осыны ескере отырып, интернетті енгізу биылғы жылдың соңында немесе келесі жылдың басында жүзеге асуы мүмкін деп болжап отырмын. Мұндай ұшақтар халықаралық рейстермен қатар ішкі бағыттарда да ұшады, дегенмен негізгі назар алыс сапарларға аударылады, – деді Талғат Ластаев.
Мамандардың пікірінше, борттағы интернеттің енгізілуі жолаушылардың жайлылығын арттырып, Қазақстандағы әуе тасымалын халықаралық стандарттарға жақындата түседі.
Еске салайық, Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев қаңтар айының басында пойыз бен ұшақтарда интернет қосылатыны туралы айтқан болатын.