Жыл соңына дейін қазақстандықтар нақты табысының өскенін сезінуі мүмкін
Елімізде былтыр халықтың нақты табысы артпаған, керісінше аздап төмендеген.
Қазақстанда өткен жылы халықтың нақты табысы артпаған, тіпті аздап төмендеген. Бұл жағдайдың басты себебі – жоғары инфляция. Азия даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінің аға экономисі Генадий Рау осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2025 жылы ел экономикасы өсім көрсеткенімен, бұл үрдіс халықтың нақты табысына толық әсер ете алмады. Сарапшылар мұны ең алдымен инфляциялық қысыммен байланыстырады. Генадий Рау да осы пікірді қуаттап, өткен жылы бағаның өсуі халықтың табысын «жеп қойғанын» ашық айтты.
Өткен жылы нақты табыстар өскен жоқ, тіпті аздап қысқарды. Мұның негізгі себебі – жоғары инфляция болды. Үкіметтің өзі де осы факторды атап өтті, – дейді ол.
Сарапшының айтуынша, инфляцияны тежеу үшін Үкімет пен қаржы реттеушілері кешенді шараларды іске асырып жатыр. Бұл бағытта өткен жылдың қазан айында арнайы жоспар қабылданып, оған Ұлттық экономика министрлігі, Қаржы нарығын реттеу агенттігі және Ұлттық банк жұмылдырылған.
Соның аясында экономикадағы несиелеу қарқынын төмендету көзделген. Әсіресе тұтынушылық несиелерге қатысты талаптар айтарлықтай күшейтілді. Себебі дәл осы сегмент инфляцияға тікелей әсер ететін негізгі факторлардың бірі ретінде қарастырылып отыр.
Тұтынушылық несиелердің өсуі халықтың сатып алу қабілетін арттырады. Нәтижесінде импорт көбейеді немесе ақша массасы ұлғаяды. Бұл өз кезегінде бағаның өсуіне алып келеді, – деп түсіндірді Генадий Рау.
Инфляцияны ұстап тұру үшін әкімшілік құралдар да қолданылған. Атап айтқанда, жанар-жағармай бағасына уақытша шектеу қойылып, коммуналдық тарифтердің өсуі тежелген. Сонымен қатар алдағы уақытта тарифтерді көтеру мәселесінде олардың инфляцияға әсері алдын ала есептелмек.
Егер тарифтердің инфляцияға ықпалы айтарлықтай болмаса ғана оларды көтеру туралы шешім қабылданады. Бұл – бағаны бақылауда ұстаудың маңызды тетігі, – деді сарапшы.
Генадий Раудың бағалауынша, биыл инфляция төмендеген жағдайда экономикалық өсім де тұрақтанып, халықтың әл-ауқаты жақсара бастайды. Оның болжамынша, экономикалық өсім шамамен 5 пайыз деңгейінде қалыптасуы мүмкін.
Егер инфляция төмендесе және өсім сақталса, онда биыл халықтың нақты табысының артқанын көруіміз ықтимал, – дейді ол.
Еске салайық, бұған дейін 2026 жылы қазақстандықтардың нақты табысы өседі деп болжанғанын хабарладық.
Тағы оқи отырыңыздар:
Мұнай бағасы өсті: Қазақстандықтардың жалақысы көтеріле ме?
Қазақстандағы жалақы: Медианалық көрсеткіш 340 мың теңге, ал орташа айлық 473 мыңнан асты
Мұнай табысы өскен сайын Ұлттық қордан алынатын трансферт қысқарады – сарапшы