Жыл соңына дейін 342 нысан ерекше жандар үшін бейімделеді – ШҚО
Биыл ШҚО-да мүмкіндігі шектеулі жандар үшін 383 әлеуметтік нысанды бейімдеу жоспарланған. Бүгінге дейін олардың 41-і бейімделген, қалған жұмыс жыл соңына дейін аяқталуға тиіс, деп хабарлайды BAQ.KZ ШҚО әкімдігіне сілтеме жасап.
Бұл туралы облыс әкімдігінің мәжілісінде еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинова мәлімдеді.
Мүмкіндігі шектеулі жандарды техникалық құралдармен және қызметтермен (мысалы, жеке көмекшілер, ымдау тілі аудармашылары, санаторий-курорттық емдеу) қамтамасыз ету үшін әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды. 2024 жылы бұл мақсатқа облыста 3 миллиард 303 миллион теңге қарастырылған, – деді ол.
Шығыс Қазақстан облысында 28 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Олардың ішінде I топтағы мүгедектігі бар – 3,2 мың адам, II топтағы – 12 мың адам, III топтағы – 10,3 мың адам. Сондай-ақ 2,9 мың баланың мүгедектігі бар.
Облыс аумағында 4 270 адам көру қабілетіне, 1 093 адам есту қабілетіне, ал 8 187 адам қозғалыс қиындықтарына байланысты көмекке мұқтаж.