Жыл соңына дейін 2,5 ай ғана қалды. Мамин министрлер мен әкімдерге нақты үш тапсырма берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин бірқатар министрлікке ауылдарды дамыту бойынша тапсырма берді.

Үкімет басшысының айтуынша, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 3 561 ауыл іріктеп алынды, оларда 6,9 млн адам тұрып жатыр, бұл ауыл халқының 89%-ы.

2019-2020 жылдары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында «Ауыл – Ел бесігі» жобасының шеңберінде және Жұмыспен қамтудың жол картасы, «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламаларының аясында барлық қаржыландыру көзінен 618 млрд теңгені кұрайтын 12 мың жоба іске асырылды, - деді Мамин. 

Айтуынша, биылғы жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру аясында жобаларды тапсыру мен бөлінген бюджет қаражатын игеру бойынша Павлодар, Қостанай, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары жақсы серпін көрсетіп отыр. 

Жыл соңына дейін 2,5 ай ғана қалды, барлық әкімдік, әсіресе, Алматы, Қызылорда және Атырау облыстары жобаларды іске асыру бойынша жұмысты жандандыру қажет. Алдағы 4 жылға «Ауыл - Ел бесігі» жобасын қаржыландыру көлемі 800 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Жалпы, ұлттық жобаларды ескерсек, ауылдарды жаңғыртуға 1,3 трлн теңге жоспарланып отыр, - деп атап өтті ол. 

Асқар Мамин атап өткендей, 2025 жылы ауылдық жерлерде сумен жабдықтау қызметтерімен 100% қамтуға қол жеткізіледі, кент ішіндегі 10 мың шақырым жол жақсартылады, 12 мың км инженерлік желі, 1,1 мың денсаулық сақтау объектісі, 1,7 мың спорт, 1,5 мың мәдениет объектісі салынып, жөнделеді, 5 мың ауыл мектебі жаңғыртылады.

Сонымен қатар еңбек өнімділігі 2,5 есе өседі, 500 мың жұмыс орны құрылады және 1 млн ауыл тұрғыны өз табысын арттыра алады.

«Ауыл - Ел бесігі» жобасының іс-шаралары - ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын айтарлықтай жақсартады және ауылдық аумақтардың дамуына жаңа серпін береді. Осыған байланысты тиісті органдарға бірнеше тапсырма берді.

Біріншіден, Ұлттық экономика министрлігі ауылдық аумақтарды кешенді дамыту жұмысын тиісті көрсеткіштермен және бірыңғай тәсілмен үйлестіруді күшейтуді және де тұрақты мониторинг жүргізуді қамтамасыз етсін. Екіншіден, Ауыл шаруашылығы министрлігі «Бәйтерек» холдингімен және әкімдіктермен бірге ауылдық жерлерде кредит қаражатына сұраныстың ұлғаюын ескере отырып, агроөнеркәсіп кешенін тұрақты қаржыландыруды, жоспарланған барлық жобаның іске асырылуын қамтамасыз етсін. Үшіншіден, Ұлттық экономика, Индустрия, Энергетика, Денсаулық сақтау, Білім, Мәдениет министрліктері өңірлердің әкімдіктерімен бірге барлық қажетті шараны қабылдап, ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі нысаналы индикаторларға 2025 жылға қарай қол жеткізуді қамтамасыз етсін, - деп Премьер-министр Асқар Мамин әріптестеріне тапсырма берді. 


 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы