Жыл соңына дейін 112 жер қойнауы учаскесі аукционға шығарылады
Кезекті электрондық аукцион 25 желтоқсанда e-Qazyna платформасында өтеді.
Энергетика министрлігі жыл соңына дейін көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын алу үшін 112 учаскені аукционға шығаруды жоспарлап отыр.
Кезекті электрондық аукцион 25 желтоқсанда e-Qazyna платформасында өтеді. Оған қатысуға өтінімдер 18 қарашаға дейін қабылданады. Желтоқсандағы аукционға 56 учаске шығарылады. Олар Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Ұлытау, Қостанай және Қызылорда облыстарында орналасқан.
Аукцион арқылы учаскелер бойынша барлау және өндіру құқығын, сондай-ақ тікелей көмірсутек өндіру құқығын беру көзделген. Жер қойнауын пайдаланушыларға геологиялық барлау, сейсмикалық зерттеу және ұңғымалар бұрғылау бойынша бірқатар міндеттеме жүктеледі.
Мәселен, жеңімпаздар шарт жасалғаннан кейін бір жыл ішінде барлау жұмыстарының жобасын әзірлеуге, үш жыл ішінде 2D сейсмикалық барлау талаптарын орындауға тиіс. Ал жекелеген учаскелерде төрт жыл ішінде кемінде бір ұңғыма бұрғылау міндеті қарастырылған.
Сонымен қатар жер қойнауын пайдаланушылар қазақстандық кадрларды даярлауға, ғылыми-зерттеу жұмыстарына және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қаржы бағыттайды. Өндіру кезеңінде өткен жылғы шығындардың 1%-ы кадрларды оқытуға, тағы 1%-ы ғылыми жұмыстарға, ал инвестициялардың 1%-ы өңір инфрақұрылымын дамытуға көзделеді.
Жергілікті қамту бойынша да талаптар белгіленген: жұмыстар мен қызметтерде кемінде 70%, тауарларда 30% болуы тиіс. Қазақстандық кадрлардың үлесі басшылар арасында кемінде 80%, құрылымдық бөлімше басшылары арасында 90%, мамандар мен білікті жұмысшылар арасында 100% болуы қажет.
Ірі кен орындары үшін қосымша инвестициялық міндеттемелер қарастырылған. Атап айтқанда, бастапқы геологиялық қоры 100 млн тоннадан астам мұнай немесе 50 млрд текше метрден астам газ болса, өңдеу өндірісін құру немесе жаңғырту, көмірсутектерді Қазақстанда өңдеуге жеткізу не өзге инвестициялық немесе әлеуметтік жоба іске асырылуы тиіс.