Еңбек ресурстарының ұлттық болжау жүйесі құрылады – Сапарбаев
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. 2025 жылға дейін орта есеппен жылына кем дегенде 380 мың жаңа жұмыс орнын ашуымыз керек. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев ҚР Үкіметінің отырысында айтты.
Министр отырыс барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 17 мамырда мемлекетті жұмыспен қамту саясаты аясында үкіметтің алдына 7 міндет қойғанын, оның негізгісі білікті мамандармен экономиканы қамтамасыз ету екенін айта келе, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.«Тапсырмаға сәйкес 2025 жылға дейін еңбек нарығының балансын жасадық. Ол бойынша орта есеппен жылына кем дегенде 380 мың жаңа жұмыс орнын ашуымыз керек. Кейбір жабылатын жұмыс орындарын қосқанда жылына 100 мың таза өсім болады. Шамамен жылына 200 мыңдай адам декретке шығады, 100 мың адам зейнеткерлікке, тағы 40 мың адам басқа мемлекеттерге көшуі мүмкін. Жұмысқа жаңадан келетіндердің ішінде негізгісі кәсіптік техникалық колледждер мен жоғары оқу орындарынарын бітіргендер. Олар орта есеппен жылына 180 мың адамды құрайды», - дейді ол.
Сонымен қатар, ол ендігі міндет басқа мемлекеттік органдармен, «Атамекен» Ұлттық палатасымен жұмысқа енді кеп жатқандарды жұмыспен қамтамасыз ету екенін айтып өтті.
«Болжам бойынша 2025 жылға дейін Қазақстан мемлекетінің халқы 20 млн-ға дейін жету керек. Соған байланысты 9 млн 8 мың адам жұмыс жасау қажет. Қазіргі болжам бойынша 2025 жылға дейін біліктілігі төмендер қатары қысқарып, біліктілігі жоғарылар көбейеді. Оларға сұраныс та көбейе түседі. Ол кезде әсіресе сауда, білім, құрылыс, информатика, өңдеу салалары үлкен сұраныста болады. Өңірлерге келетін болсақ, жұмысшылардың қажеттілігі Түркістан, Шымкент, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жоғары болады», - деді министр.
Оның айтуынша, соңғы жеті жылда кәсіби білімі бар жұмысшылар қатары 38%, техникалық кәсіби білімі барлар 40%, жоғары білімі барлар 38% өскен. Кәсіби білімі жоқ жұмыс істейтіндердің саны қазір 23%. Жұмыс берушілермен бірігіп жасайтын ендігі жұмыс осыларды оқыту арқылы біліктілігін арттыру.
«2019 жылдың соңына дейін еңбек нарығында кадр қажеттілігін болжау үшін еңбек ресурстарының ұлттық болжау жүйесі құрылатын болады. Оның негізгі бағыттары еңбек ұсыныстарын болжау, экономика үшін қажетті кадрларды қалыптастыру», - дейді Бердібек Сапарбаев.
Ол үшін ұлттық біліктілік жүйесін енгізу бойынша барлық нормативтік базалар жасалыныпты. Еңбек кодексіне де өзгеріс енгізілген.
«Еуропаның тәжірибесін ескере келе 8 біліктілік деңгейі анықталды. Жылдың аяғына дейін 480 кәсіптік стандартты дайындауымыз керек. Қазіргі таңда оның 106-сы әзірленді, жоспар бойынша бұл істі жылдың аяғына дейін бітіреміз», - деді министр.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
Көкшетауда полицейлер тұрғындарды өрттен құтқарды
Өзгелердің жаңалығы