Жыл сайын жол-көлік оқиғаларынан 200-ге жуық бала көз жұмады – ІІМ
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жыл сайын жол-көлік оқиғаларынан 200-ге жуық бала қайтыс болады. Мұндай статистиканы ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев ведомствоның онлайн брифингінде мәлімдеді.
Биыл – Балалар жылы. Балалар - жол жүрісіне қатысушылардың ең осал санаттарының бірі. Олардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының соңы қайғылы оқиғаларға жиі соқтырады. Әрбір бесінші жол-көлік оқиғасы кәмелетке толмағандардың қатысуымен болады. Жыл сайын жол-көлік оқиғаларында 200-ге жуық бала қаза болып, 3 мыңнан астамы әртүрлі дене жарақаттарын алады, - деді Жандос Мұратәлиев.
Оның айтуынша, пандемия және қоғамның жекелеген санаттарының әлеуметтік оқшаулануы кезінде жас буын арасында білім беру және құқықтық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру деңгейі төмендеген.
Былтырдан бастап оқушыларға жолдарда қауіпсіз жүріп-тұру туралы түсіндіру сабақтары өткізілген жоқ. Жолда балалардың жарақаттануын болдырмауға бағытталған іс-шаралар саны да азайды. Бұл қазірдің өзінде балалардың жол-көлік оқиғасынан жарақаттану жағдайына әсерін тигізіп жатыр. Осы ретте кәмелетке толмағандардың кінәсінен биылдың 4 айында 35 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 4 жасөспірім қаза болып, 70-і түрлі жарақат алған, - деп толықтырды полицей брифингте.
ІІМ өкілінің дерегіне сәйкес осы кезеңде республика бойынша кәмелетке толмағандардың қатысуымен 796 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Онда 42 жасөспірім қаза болып, 957-сі жарақат алған. Зардап шеккен балалардың жартысының көбі жолаушылар, қалғаны жаяу жүргіншілер.