Жыл сайын жол апатынан 2 мыңнан астам адам қаза табады
Елімізде жол апатынан жыл сайын 19 мыңнан астам адам түрлі жарақат алады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев мәлімдеді.
Биыл 10 мыңнан астам жол апаты тіркелді, онда 981 адам қаза тауып, 12 мыңнан астам адам жарақат алды. Бас прокуратураның жаңа талаптарына сәйкес барлық жол апаты тіркеледі. Жол апатынан кейін медициналық мекемелерге жүгінген адамдар да есепке алынады. Бұған дейін есепке, денсаулығына зиян келгені медициналық расталған жол апаттары ғана тіркелетін. Сонымен қатар, талдау көрсеткендей жол жүрісі қауіпсіздігінің жай-күйіне әлі де сол факторлар әсер етеді,-деді ол.
Оның айтуынша, заң бұзушылықтардың жыл сайын өсуі жүргізушілердің жауапсыздығынан болады.
Жүргізушілердің тәртібінің жақсармағанын, тіпті кейбіреулері жол ережелерін жүйелі түрде бұзып, өрескел бұзушылар бар екенін көрсетеді. Мәселен, жыл басынан полиция 6 млн-ға жуық жол ережесін бұзушылықты анықтады. Оның ішінде 238 мың жаяу жүргіншіге айыппұл салынды. 12 мыңнан астам жүргізуші мас күйінде ұсталды. Қарсы жолаққа шығудың 5 мың дерегі анықталды. Сотпен 14 мыңға жуық жүргізуші басқару құқығынан айырылды. 12 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік қамауға алынды. Жыл басынан бері мас жүргізушілердің кінәсінен 178 жол апаты орын алып, онда 26 адам қаза тауып, 234 адам жарақат алды,-деді Қайсар Сұлтанбаев.