Жыл сайын Жетісу облысына 80-ге жуық дәрігер келеді
Жетісу облысында дәрігерлік кадрлардың тапшылығы 8%-ға төмендеген. Жыл басынан бері облысқа 76 маман келді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Медициналық кадрлардың тапшылығы проблемасын шешу үшін биылдан бастап дәрігерлерге көтерме ақы төленеді. Енді өңірге келген дәрігерлер ауылдық жерде жұмыс істейтін болса, 10 млн. теңгеден және қалада жұмыс істеген жағдайда 5 млн. теңгеден алады.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың бастамасымен облысымызға кәсіби медициналық кадрларды тарту үшін біржолғы көтерме ақы төлеу туралы шешім қабылданды. Биыл осы мақсатқа 595 млн. теңге бөлінді. Осы кезеңде ауылдық жерлерге келген 9 дәрігерге 10 млн. теңгеден, ал, қалаға келген 16 дәрігерге 5 млн. теңгеден төленді. Биылғы шілдеден қазанға дейін жұмысқа қабылданған тағы 45 дәрігерге жыл соңына дейін көтерме ақы төлеуді жоспарлап отырмыз. Бұл қолдауды 3 айлық сынақ мерзімінен сәтті өткен жағдайда алуға болатындығын атап өтемін. Өңірдің медициналық мекемесінде 5 жыл жұмыс істеу қажет. Бұл кезеңде бізге 186 маман жетіспейді, жыл соңына дейін олардың саны азаяды. Бұл ретте бұл мәселені шешу үшін біржолғы көтерме ақы төлеу жақсы демеу болып табылады, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Жансеңгіров.
Айта кетейік, жыл сайын облысқа 80-ге жуық жас маман келеді. Солардың бірі – 17 жылдық еңбек өтілі бар хирург Нұрмұхамед Байжанов, ол Қабанбай ауылындағы Алакөл аудандық орталық ауруханасының бөлімшесіне жұмысқа келген. Ол ауылдық ауруханаға жұмысқа 6 ай бұрын келіп, қолдау ретінде 10 млн. теңге көлемінде көтерме ақы алған. Жергілікті әкімдік оның отбасын қажетті тұрғын үймен қамтамасыз етті.
Әрине, жұмыс істеу оңай емес, кішігірім жарақаттарды қоспағанда, күніне 2-3 күрделі ота жасалады. Бірақ, біз, дәрігерлер бұл жолды өзіміз таңдадық. Біздің басты міндетіміз – адамдарға көмектесу. Балалардың ауыр жарақаттармен түскен күрделі жағдайлар да болды, ондай сәтте минуттың өзі маңызды. Барлық жауапкершілікті өзіңе аласың. Менде 4 сертификат бар. Өзім жалпы ересек, жалпы балалар хирургымын, балалар травматологымын, балалар ортопедімін, балалар урологымын. Сондықтан, емшектегі сәбилерге дейін әртүрлі операциялар жасай аламын. Бөлімде лапароскоп бар екендігі қуантады, бұл барлық ауруханаларда бола бермейді. Ал, заманауи медициналық жабдықты пайдалану жұмысты бірнеше есе жеңілдетеді, операциядан кейін науқастың қалпына келтіру процесін жеделдетеді, - дейді маман.
Алакөл ОАА директорының орынбасары Эльмира Серікованың айтуынша, 5 жаңа маман бағдарлама бойынша қабылданды, оларға 10 млн. теңгеден төленді. Атап айтсақ, 2 хирург, 2 реаниматолог және акушер-гинеколог.
Сондай-ақ өңірде медициналық кадрлар тапшылығы проблемасын шешумен қатар, денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту бойынша шаралар қабылданып жатқанын атап өткен жөн. Атап айтқанда, 2024 жылдың соңына дейін алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандары 94 ауылда пайдалануға беріледі, оның ішінде 3 – жаңа құрылыс, 27 – блокты-модульдік медициналық пункттер, 59 – «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде, тағы 5-еуі күрделі жөндеуден өтеді.
Жетісу облысында қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде 261 денсаулық сақтау нысанының 136-сы жаңартылады, жаңарту деңгейі 52%-ды құрайды.