Жыл сайын сүт безі обырынан 1200 әйел қайтыс болады

Елордада сүт безі обырына арналған «BREAST CANCER MEETING ASTANA» атты конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Отандық және шетелдік білікті дәрігерлердің басын қосқан жиын сүт безі обырын диагностикалау мен емдеудің ең өзекті мәселелеріне бағытталды.

Конференция жұмысына тәжірибелі онкомаммолог, хирург, ультрадыбыстық диагностика дәрігерлері, химиотерапевт, сәулелік терапия мамандары, патоморфологтар қатысып жатыр.

Бүгінгі конференция өте өзекті. Себебі сүт безі обыры бүкіл әлемде, соның ішінде Қазақстанда да алдыңғы орында тұр. Әйелдер мен ерлерді жалпы алғанның өзінде сүт безі обыры аурушаңдық құрылымы бойынша бірінші орыннан түспей келеді.

Соңғы онжылдықта медицинада обырдың осы түрін емдеуде үздік жетістіктерге жетті. Бұрын емдеу әдісі ретінде операция мен сәулелік терапия жүргізу тәсілдері ғана қолданылып, дәрі-дәрмектің түрі санаулы ғана болса, қазіргі уақытта өте көп препарат әзірленіп жатыр. Ота жасау мен сәулелік терапия технологиясы да жетілдірілді. Бұрын әйелдің бүкіл сүтбезін алып тастайтын. Бұл әрине, метастаздың кету қаупін тудыруы мүмкін. Оның үстіне, косметикалық жағынан да, психологиялық тұрғыдан да үлкен соққы екені белгілі. Қазір ағзаны сақтайтын ота қолданады. Форумда отандық және әріптестерімізбен емдеу тәсілдері, тәжірибе алмасудамыз, - деп атап өтті Ұлттық ғылыми онкология орталығы Басқарма төрағасының медициналық қызмет жөніндегі орынбасары Әділбек Мұқажанов.

Конференцияның теориялық бөлімінде мамандар әр клиникалық жағдайда осы ауруды емдеудің оңтайлы тактикасын диагностикалауға және таңдауға байланысты сұрақтарды назарға алды.

ДДСҰ-ның деректеріне сүйенсек, әлемдегі статистика көңіл көншітерлік емес. Мәселен, 2020 жылы дүние жүзінде 2,26 млн-нан астам адам сүт безі обырына шалдыққан. Бұл қатерлі ісіктің барлық жағдайының 11,7 пайызына тең. Сүт безі обырынан сол жылы 685 мың адам көз жұмған. Ал еліміздегі дерекке тоқталсақ, 205 мыңнан астам пациент онкологиялық ауруға шалдыққан. Жыл сайын 37 мыңнан астам жаңа жағдай тіркеледі. Әйелдер арасында әсіресе өршіп тұр. Соңғы 15 жылда сүт безі обыры бірінші орыннан түспей келеді. 2-орында – өкпе обыры, 3-орында – колоректалды обыр. Сүт безі обыры өлім-жітім бойынша 3-орында, жыл сайын 1200 әйел өмірден өтеді, - деді Әділбек Мұқажанов.

Ертең конференцияның практикалық бөлімінде Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығында жиынға қатысып жатқан мамандар ота жасайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы