Жыл сайын Қазақстанда 75 мың аборт жасалады
Жыл сайын Қазақстанда 75 мың аборт жасалады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
БАҚ өкілдері бұған дейін айтылған әлеуметтік осал топқа жататын әйелдерге контрацептив құралдарын таратуға қатысты сұрады. Сондай-ақ бұл әдіс ана мен бала өлімін төмендету үшін қаншалықты тиімді екендігіне қызығушылық білдірді.
Бұл – өте өзекті мәселе. Бүгінде Қазақстанда жыл сайын 75 мың аборт жасалады. Отбасын жоспарлаудың заманауи әдістері бар кезеңде біз бұл көрсеткішті төмендету үшін жұмысты жалғастырамыз. Өйткені әр аборт – пациенттің өмірі мен денсаулығына қауіпті. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі жергілікті әкімдіктермен бірігіп тиісті шараларды жүргізуде.
Бүгінгі таңда емханаларда халықтың әлеуметтік осал топтары үшін отбасыны жоспарлау құралдары бөлінеді. Сонымен қоса біз мұның жеткіліксіз екенін түсінеміз. Халықаралық тәжірибені зерттеп, халықтың репродуктивті денсаулығына қатысты халықаралық мамандарды тарттық. Бұл – барлық өркениетті елдер қолданатын тәсіл, - деді Ақмарал Әлназарова.
Министр әр медициналық ұйым мен өңірлердегі медициналық мекемелер қажетті құралдарды жергілікті әкімдік қаражаты есебінен сатып алатынын нақтылады.