Жыл сайын елімізде 1400-ге жуық әйел гинекологиялық ісіктен көз жұмады
Бұл туралы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының Онкогинекология орталығының жетекшісі Ерлан Кукубасов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, ел аумағында әйелдер арасында анықталған қатерлі ісіктің 11,5%-ын гинекологиялық қатерлі ісіктер құрайды.
Оның ішінде, белгілі болғандай, жатыр мойны обырының 1800 жағдайы, эндометрия обырының 1200-ден астам жағдайы, аналық без обырының 1250 жағдайы, вульва және қынап обырының 150 жағдайына тиесілі болды. Жыл сайын елімізде гинекологиялық обырдан 1 350-ге жуық әйел көз жұмады. Мәселен, 2020 жылы әлемде 1,3 млн-нан астам әйелге гинекологиялық қатерлі ісік диагнозы қойылды. Олардың шамамен 44%-ы – жатыр мойны обыры, 29%-ы – эндометриялық қатерлі ісік, 23%-ы – аналық без қатерлі ісігі және 5%-ға жуығы – басқа гинекологиялық қатерлі ісік екені анықталды. 2020 жылы бүкіл әлемде 420 000 әйел гинекологиялық қатерлі ісіктен қайтыс болды, - деп атап өтті орталықтың басшысы.
Сонымен қатар ол гинекологиялық обырдың алдын алуға болады деп отыр.
Тұрақты скрининг пен тексерулер, сондай-ақ салауатты өмір салтын таңдау қатерлі ісіктен қорғайды. Қатерлі ісік ауруының ерте диагнозымен тіпті толық емделуге болатындығын есте ұстаған жөн. Биыл эндометрия қатерлі ісігі басты назарда болады. Эндометриялық қатерлі ісік ауруының алдын-алудың негізгі шаралары – салауатты өмір салтын таңдау және физикалық белсенділікті сақтау, - деді дәрігер.