Жыл сайын екпе егу арқылы 2-3 млн адамның өмірін сақтап қалуға болады - ДСМ

Жыл сайын екпе егу арқылы 2-3 млн адамның өмірін сақтап қалуға болатыны белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Жұқпалы аурулардың алдын алу департаментінің бас маманы Жансая Талғатқызы мәлімдеді.

Жыл сайын иммундау дифтерия, сіреспе, көкжөтел, қызылша, паротит, қызамықтан болатын 2-3 млн өлімнің алдын алуға мүмкіндік беретінін есте ұстаған жөн. Сәуірдің соңғы аптасында әлемде жыл сайын иммундау апталығы өтеді. Бұл іс-шара барлық континенттердегі 180-нен астам ел қатысатын әлемдік жобаға айналған. Вакциналау – денсаулық сақтаудың ең үлкен жетістіктерінің бірі. Ол бүкіл әлемде инфекциялармен күресудің ең тиімді, үнемді және қолжетімді құралы ретінде танылды, - деп атап өтті департамент өкілі.

Белгілі болғандай, биыл Дүниежүзілік иммундау апталығы «Ауқымды иммундау» лозунгымен өтеді.

Жыл сайын өтетін шараның мақсаты – халықтың назарын аудару және иммунопрофилактиканың адамдардың денсаулығы мен әл-ауқаты үшін маңызы туралы хабардарлығын арттыру. Иммундау – қазіргі уақытта қолданылып жүрген медициналық араласудың ең тиімді және үнемді шараларының бірі. Айта кететін жайт, елімізде вакцина туралы жалғыз сайт – https://egu.kz/ іске қосылды. Халықтың эпидемиялық салауаттылығын қамтамасыз ету үшін халықты жоспарлы иммундаумен қамту деңгейі кемінде 95%-ды құрауы тиіс, - деді Жансая Талғатқызы.

2023 жылғы Дүниежүзілік иммундау апталығы халықтың барлық жас санаттары, соның ішінде COVID-19-ға қарсы иммундау үшін вакциналаумен қамтуды және иммундаудың қолжетімділігін жақсартуға бағытталған. Алдын алуға болатын аурулардан қорғау құқығы – бұл әр адамның құқығы.

Профилактикалық екпелер 12 ауруға қарсы міндетті вакциналауды көздейтін Ұлттық екпе күнтізбесі аясында жүзеге асырылады. Бұдан басқа, екпелер жекелеген кәсіптік топтарға, аса қауіпті инфекциялар бойынша қолайсыз елдерге баратын табиғи-ошақты аурулармен аурушаңдық деңгейі жоғары аумақтарда тұратын адамдарға және инфекциялар ошағында эпидемиялық көрсеткіштер бойынша жүргізіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gkb11.medgis.ru
Өзгелердің жаңалығы