Жыл сайын ата-ананы әбігерге салған жүйе енді ақаусыз жұмыс істейді
QazTech-ке көшкеннен кейін мемлекеттік жүйелердегі ақау азайды
Үкімет мемлекеттік ақпараттық жүйелерді QazTech платформасына көшірудің екі жылдық жоспарын бекітті. Биыл 39 жүйені көшіру жоспарланса, оның 36-сы бойынша жұмыстар аяқталуға жақын.
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қолданыстағы мемлекеттік ақпараттық жүйелер кезең-кезеңімен QazTech платформасына көшіріліп жатыр. Бұл ретте жүйелердің қайталануын жою және ескірген жүйелерді пайдалануды тоқтату көзделген.
Мәдиевтің сөзінше, биыл 39 ақпараттық жүйені QazTech платформасына көшіру жоспарланған. Оның 36-сы бойынша жұмыстар аяқталу сатысында.
Сонымен қатар жоспардан тыс тағы 25 жүйе бойынша көшіру және әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қазіргі таңда 10 ақпараттық жүйе QazTech платформасында толыққанды жұмыс істеп тұр. Осылайша, платформаны енгізу жұмыстары жоспардан озық қарқынмен жүргізілуде. Бүгінде барлық мемлекеттік орган QazTech платформасымен жұмыс істейді. Мемлекет басшысы QazTech-тен тыс жаңа ақпараттық жүйелер құруға мораторий енгізу туралы Жарлыққа да қол қойған, - деді министр.
Бұл талаптың сақталуы цифрландыруға арналған бюджеттік өтінімдерді сараптау кезінде тексеріледі.
Бірінші сыныпқа қабылдау жүйесі тұрақты жұмыс істеп тұр
QazTech платформасына көшудің тиімділігін көрсететін нақты мысалдың бірі – бірінші сыныпқа қабылдау қызметі.
Бұған дейін жыл сайын бірінші сыныпқа қабылдау науқаны басталған кезде ақпараттық жүйеге түсетін жоғары жүктеме қиындық туғызған. Алдыңғы инфрақұрылым жүктемені көтере алмай, қызмет іске қосылған алғашқы күні-ақ істен шығатын жағдайлар болған, - деді Жаслан Мәдиев.
Мұндай жағдай төрт жыл қатарынан қоғамда теріс резонанс туғызған.
Биыл Оқу-ағарту министрлігі мен «Қазақтелеком» бірлесіп, бірінші сыныпқа қабылдау қызметін QazTech платформасында қайта жинақтады.
Нәтижесінде жүйе екінші ай қатарынан бірде-бір ақаусыз жұмыс істеп тұр.
Осы уақыт ішінде 365 мыңнан астам өтінім сәтті өңделді.