Жыл сайын 126 мың неке тіркеледі: Елімізде отбасы институтын нығайту жұмыстары қалай жүріп жатыр?
Қазақстанда ресми түрде 6,2 миллион отбасы бар. Бұл туралы Отбасы апталығы аясында өткен жиында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Елімізде қанша отбасы бар және жағдай қандай?
Комитет төрағасының айтуынша, бүгінгі таңда елімізде ресми түрде 6,2 миллион отбасы бар және соңғы бес жылда жыл сайын орта есеппен шамамен 126 мың неке тіркеледі. Сондай-ақ ол халықаралық деңгейдегі көрсеткіштерге тоқталды.
Дүниежүзілік банктің баяндамасында 2026 жылы Қазақстан «Неке» өлшемі бойынша 100 балдың 100-ін, «Ата-ана болу» өлшемі бойынша 75 балл иеленді. Бұл отбасылық қатынастардағы құқықтық теңдік пен ата-аналарды қорғау кепілдіктерін сипаттайды, - деп атап өтті Қайрат Қамбаров.
Әкелер мен бала тәрбиесі: Зерттеу не дейді?
Жиында отбасы саласындағы зерттеу нәтижелері мен өзекті мәселелер де сөз болды. Қазақстандық қоғамдық даму институтының деректері бойынша, әйелдердің 52,2%-ы және ерлердің 47,2%-ы әкенің бала тәрбиесіне жеткіліксіз қатысуын өзекті мәселе деп санайды.
Ерлердің 54,9%-ы үшін баланы материалдық қамтамасыз ету тәрбиеге қатысудан маңыздырақ болса, 60,4%-ы бала тәрбиесіне уақыт тапшы екенін жеткізген.
Сонымен қатар жастардың отбасыға көзқарасы ерекше. 2025 жылғы зерттеу нәтижелері көрсеткендей, жас респонденттердің 80,1%-ы отбасын басты өмірлік құндылық деп атаған.
ЮНФПА мәліметі бойынша, 18–39 жастағы қазақстандықтардың 72%-дан астамы серіктестік қатынастарды тікелей некемен байланыстырады.
Қайрат Қамбаровтың сөзінше, жастар алдымен білім алуға, кәсіби тұрғыдан орнығуға ұмтылғанымен, отбасы құрғанда өзара серіктестікке, ортақ шешім қабылдауға және міндеттерді тең бөлісуге басымдық береді.
Отбасыларды қолдау қалай жүзеге асырылуда?
Осы озық үрдістер мен зерттеу нәтижелерін ескере отырып, Мәдениет және ақпарат министрлігі отбасын қолдауға арналған бес негізгі бағыттағя маңызды шараларды іске асырып жатқанын атап өтті. Олар:
Некеге дейінгі оқыту. Биыл тамызда министрдің бұйрығымен Әдістемелік нұсқаулық пен Үлгілік бағдарлама бекітіліп, отбасын қолдау орталықтарында жас жұптарға арналған сабақтар жүргізіле бастады;
«Ата-аналар академиясы». Ata-ana.kz платформасы арқылы ата-аналарға психолог, заңгер және дәрігерлердің тегін консультациялары мен пайдалы материалдар ұсынылуда (жыл басынан бері 12,5 мың адам оқудан өтті);
«Отбасына қолайлы жұмыс орны». Еңбек ұжымдарында икемді жұмыс тәртібін, қосымша ақылы демалыс пен психологиялық қолдауды қарастыратын Ұлттық негіздемелік бағдарлама әзірленуде;
Отбасын қолдау орталықтары. Бүгінде елімізде жұмыс істейтін 160 орталыққа жыл басынан бері 60 мыңға жуық өтініш түсіп, мыңдаған отбасыға көмек көрсетілді;
Отбасы институтын нығайту. «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы, республикалық әкелер форумы және түрлі мерекелік бастамалар арқылы дәстүрлі құндылықтар дәріптеліп келеді.
Комитет төрағасы атап өткендей, мемлекет тарапынан жасалып жатқан бұл жүйелі қадамдар мен отбасыларды қолдау тетіктері қоғамдағы беріктік пен ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған.