Жыл қорытындысы. Табысты арттыру бағдарламасы қабылданып, жалақы өсті

Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жиында федерацияның Әлеуметтік әріптестік жылы аясында өткен жылдағы жұмысының қорытындылары шығарылды, сондай-ақ, жаңа міндеттер айқындалды.

Федерация жұмысының негізгі қорытындыларын Бас кеңес алдында ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин баяндады.

2022 жылды Кәсіподақтар федерациясы Әлеуметтік әріптестік жылы аясында өткізді. Біз елдегі саяси түрлендірулерге өз үлесімізді қостық: біздің мүше ұйымдар ел Конституциясына өзгерістер енгізу жөніндегі референдум өткізу бойынша ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді, сондай-ақ, Халықтық коалицияның бір бөлігі ретінде Президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдадық. Елдегі әлеуметтік-еңбек қатынастарының барысына әсер ете алдық. Біз Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына толыққанды мүшелікті қалпына келтірдік. Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесіне төрағалық етуді өз қолымызға алдық, – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы әлеуметтік әріптестік жүйесі бүгінде кәсіподақтардың бастамаларының арқасында жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

2022 жылы біз мемлекеттің маңызды шешімдерінің қабылдануына ықпал ете алдық – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Халықтың табысын арттыру бағдарламасы қабылданды, ең төменгі жалақы өсті және өсе береді. Ең төменгі жалақыны анықтау әдістемесін әзірлеу, оның ішінде, оны индексациялау бойынша кәсіподақтардың көптен бергі бастамасы бастау алды. Кәсіподақтардың ең төменгі жалақы мөлшерін ұлғайту жөніндегі бастамасын жүзеге асыру Президенттің біздің ұстанымымызды ашық және біржақты қолдауының арқасында жүзеге асырылғанын ерекше атап өткім келеді. Мұның бәрі бізді естіп, құлақ асатындарын көрсетеді. Біз әрі қарай әрекет етуіміз керек, – деп үндеу тастады әріптестеріне Кәсіподақтар федерациясының басшысы.

Әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссиялар жұмысының тиімділігін арттыру үшін өткен жылы ҚРКФ ұсыныс-пікірлерін ортаға салды, оларды ел Президенті және әлеуметтік әріптестік жөніндегі республикалық үшжақты комиссия қолдады: өңірлік үшжақты комиссияларды әкімдер басқарады; әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптарын тең төрағалық ету тәжірибесін енгізді; кәсіподақ алаңдарында және көшпелі форматта жиналыстар өткізіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы