Жыл қорытындысы: Спорттағы жетістіктер
Жеңіс пен жеңіліс, қуаныш пен өкініш, сенім мен үміт қатар жүретін спорт әлемінде 2023 жылы біраз белестерді бағындырдық. Әлемдік, халықаралық додаларда топ жарып, ел қоржынына жүлде салған спортшыларымыз да жетерлік. Бірақ, әттеген-ай дейтін сәттеріміз де жоқ емес. 2023 жылы ел намысын қорғаған спортшыларымыздың жүлдесі қандай? Шолу жасап көрген едік, деп хабарлайды BAQ.KZ.тілшісі.
Теннистегі табыс
Теннис спортының жанкүйерлері үшін жылдың басы Австралиядағы турнирден бастау алады. Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина «Australian Open» турнирінде финалға шығып, жанкүйерлерді бір қуантты. Ақтық сында Елена Рыбакина әлемнің 5-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен чемпиондық атақты сарапқа салды. Екі теннисші де бұл турнирдің финалына алғаш рет шығып отыр. Елена бұған дейін Ариан Соболенкомен үш рет кездесіп, нәтижесінде беларусьтік теннисші басым түскен еді. 2 сағат 29 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Ариан Соболенко отандасымызды 6:4, 3:6, 4:6 есебімен жеңді. Осылайша Елена Рыбакина Australian Open жарысының финалына шыққан алғашқы қазақстандық атанды. Ал мамыр айында өткен Рим WTA 1000 турнирінде Елена Рыбакина әлемнің 47-ракеткасы, украиналық Ангелина Калининамен бас жүлдені сарапқа салды. Жарыс қорытындысы бойынша отандасымыз өз спорттық жолында алғаш рет Рим мастерс турнирінің чемпионы атанды. Сондай-ақ, 10 теннисшіміз әлемдегі топ-100-дің қатарына кіріп, ел мерейін асырды.
©instagram.com/lenarybakina/
Былғары қолғап шеберлерінің белесі
Биылғы жыл боксшыларымыз үшін де табысты болды. Оған себеп Ташкент қаласында өткен Әлем чемпионаты. Ел намысын қорғаған 13 боксшымыздың ішінен 4 алтын, 1 күміс жүлдені ел қоржынына салды. Алғашқы алтынды 48 келіде шаршы алаңға шыққан Санжар Тәшкенбай алды. 54 келіге дейінгі салмақта Махмұд Сабырхан, 71 келіге дейінгі салмақта Асланбек Шымбергенов, 80 келіге дейінгі салмақта Нұрбек Оралбай чемпион атанды. Ал, 67 келі салмақта Дулат Бекбауов күміс жүлдегер атанып боксшыларымыз ел мерейін асырды. Сондай-ақ, сары құрлықтың сайыпқырандары сайысқа түскен Азия-2022 ойындарында қоржынымыз құр қайтпады. Бәсекеге түскен бұрымды қыздарымыз да қуантты. 57 кг сынға түскен Карина Ибрагимова күмісті місе тұтса, 66 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасқан Наталья Богданова жартылай финалда таиландтық Джанджай Суваннапхенгтен жеңіліп, қола жүлдені қанағат тұтты. 92 кг салмақта өнер көрсеткен боксшы Қамшыбек Қоңқабаев күміс жүлдеге ие болды. Ал, 71 келіде шаршы алаңға шыққан Асланбек Шымбергенов Азия ойындарын қола медальмен аяқтады. Сағындық Тоғамбай да ел қоржынына қола жүлдені салды. Тағы бір айтулы жарыстардың бір Елордада бокстан ересектер арасындағы алтыншы жазғы спартакиада өтті. Боксшылар 13 салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтады.
фото: IBA сайты
Дзюдо дарабоздары
Биылғы жыл дзюдо шеберлері үшін көңіл қуантарлықтай емес. Жеткен жетістігіміз де саусақпен санарлық. Алайда аруларымыз жақсы нәтиже көрсетті. Мәселен ел қоржынына Азияданың алғашқы жүлдесін түсірген дзюдошы Әбиба Әбужақынова 48 келі салмақта Ханчжоуда өткен Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды. 63 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен қазақстандық Эсмигүл Күйлова Ханчжоуда өтіп жатқан Азия ойындарының қола жүлдегері атанды. Кәмила Берліқаш болса Әбу-Дабиде өткен әлемдік Grand Slam турнирінің күміс жүлдесін иеленді. Ал ерлер арасында Азия ойындарында Мағжан Шамшадин қола медальді қанжығасына байлады. Одан бөлек, дзюдодағы жетістік Астана қаласында өткен «Qazaqstan barysy Grand Slam» жарысы. Енді Қазақстан әлемдік «Grand Slam» жарыстарын 2023-2026 жылдар аралығында қабылдайды. Қазақ дзюдошылары 2023 жылы әлемдік Grand Slam, Grand Prix және Азия ойындарынан барлығы 27 медаль жеңіп алды. Grand Slam бәсекелерінде 1 алтын, 5 күміс, 11 қола. Grand Prix де 1 алтын, 2 күміс, 2 қола. Ал Азия ойындарында 1 күміс, 4 қола медаль иеленді.
Фото: prosports.kz
EURO 2024: Қазақстан ұлттық құрамасы
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы жанкүйерлерге үміт отын сыйлады. Ұлттық құраманың жігіттері 2024 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу сатысында жоғары деңгейде ойын көрсетті. Соңғы ойынға дейін жеңіске жетіп, жолдамаға ие болу мүмкіндігі бар еді. Бірақ аздап сәттілік серік болмады. Өз тобында Дания, Словения, Финляндия. Солтүстік Ирландия, Сан-Мариномен жолыққан ел құрамасы өте жақсы ойнады. Футболшыларамыз Данияның өзін өз алаңында жеңіп, Финляндия мен Солтүстік Ирландияны тізе бүктірді. Екі кездесуде де Словениямен бірдей деңгейде ойнағанымен соңғы сәтте қарсыластардың жолы болды. 2022 жылы бапкерлік қызметке келген Магомед Әдиевтің еңбегін айтпай кету мүмкін емес. Қазақ футболшыларына деген үзіліп бара жатқан үмітті қайта жалғады. Ұлттық құрама құрлықтық додада алты мәрте жеңіске жетіп, төртеуінде жеңілді. Осылайша өз тарихында тұңғыш рет іріктеу сатысында ең көп жеңіске жетті. Дегенмен Ұлттық құрама 2024 жылы Германияда өтетін Еуро ойынына жолдама алуына әлі де мүмкіндігі бар. Ұлттық құрама Ұлттар лигасының плей-офф кезеңінде Грекия командасына қарсы ойнайды. Бұл кездесуде жеңіске жеткен команда Грузия-Люксембург ойынында жеңген құрамамен кездеседі. Аталған екі ойында басым түскен команда Еуропа чемпионатына тікелей жолдама алады. Біздің құрама Грекия командасына қарсы 21 наурыз күні сырт алаңда ойнайды. Айта кету керек, құрамалар тек бір рет ойнайды.
Тарихи сәт: Еркін күрестен жарқын жеңіс
Қазақстандық еркін күрес балуаны Ризабек Айтмұхан Сербияда өткен чемпионатында алтын жеңіп алды. Сербия астанасы Белград қаласында күрес түрлерінен өткен әлем чемпионатында қазақстандық балуан финалда Осман Нурмагомедовпен кездесті. Кездесу басынан балуандар бір-біріне лайықты қарсылық көрсетті. Әзербайжандық балуан әдіс қолданып, алғашқы ұпайын еншіледі. Одан кейін Ризабек әдіс қолданып, таразы басын теңестірді. Соңғы сәтте ол тағы айласын асырып, ұпайын молайтты. Нәтижесінде Ризабек Айтмұқан қарсыласын 4:2 есебімен жеңіп, әлем чемпионы атанды. Ал, Жәмила Бақбергенова қола жүлдені иеленді. Үшінші орын үшін болған жекпе-жекте қазақстандық спортшы польшалық Наталья Ивона Стшалкамен кездесіп, оны 4-1 есебімен жеңді. Сондай-ақ ол, Азия ойындарында күміс жүлдеге ие болды.
Фото: olympic.kz
Үздіктер марапатталды
Туризм және спорт министрлігі биыл ел абыройын асқақтатып, жеңіс тұғырынан көрінген спортшылар, спорт саласына елеулі үлес қосқан сала мамандарын марапаттады. Жыл қорытындысы бойынша «Үздік» деп танылғандар: Нүркен Рахманқұл – «Жылдың үздік ауыл жаттықтырушысы», Кенжеғали Бекқұлов – «Ауылдық жердегі үздік дене шынықтыру және спорт әдіскері», Рауан Қазезов – «Ауылдық жердегі үздік дене шынықтыру және спорт нұсқаушысы», Бұқар жырау ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімі – «Аудандық үздік дене шынықтыру және спорт бөлімі», Исхар Курбаев – «Жас және жасөсіпірімдер құрамындағы спортшы», Виктория Волкова – «Жылдың үздік балалар жаттықтырушысы», Наталья Сухачева – «Дене шынықтыру және спорт саласындағы үздік маман», Берік Қонысбеков – «Үздік спорт дәрігері», Мөлдір Жаңбырбай, Милад Карими, Руслан Құрбанов – «Жылдың үздік нәтижелері», Қазақстандық спорттық ату федерациясы – «Жылдың үздік аккердителген спорт федерациясы», Тимур Турлов – «Жылдың үздік аккердителген спорт федерациясының президенті», Әділет Бәрменқұлов – «Жылдың үздік спорт менеджері», Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған Үміт спорт клубы – «Жылдың үздік спорт ұйымы», Алматы қаласы – «Үздік спорттық өңір», Сергей Шабалин (Руслан Құрбановтың жаттықтырушысы) – «Жылдың үздік жаттықтырушысы», Ризабек Айтмұхан – «Спорттағы үздік серпін», Махмұд Сабырхан, Ербол Хамитов – «Жылдың үздік спортшысы», Самат Қанағатов, Жандос Бұсұрманов, Ербол Қайыров – «Үздік спорт журналисі аталымдарына ие болды.
Қорытынды
Ұлттық құрама спортшылары жыл басынан бері 1400 халықаралық жарысқа қатысып, 864 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 291 алтын, 262 күміс және 311 қола медаль. Әлем чемпионаттарында 68 алтын медаль, Азия чемпионаттарының 47 алтын жүлде, Азия ойындары 10 алтын қоржынымызға салды. Алда әлі ең маңызды Париж-2024 Олимпиадасы бар. Спортшыларымыз бұл байрақты бәсекеде жақсы нәтижеге қол жеткізеді деп сенеміз.