Жыл ішіндегі қандай игі істер есте қалды

Биылғы жыл еліміз үшін халықтың бірлігі мен қайырымдылығының жарқын мысалы болды. Көктем кезіндегі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға республика бойынша 2 576 үй салынып, 1 000 000 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберілді. Еріктілер ұйымының жастары дүйім жұртқа көмек көрсетіп қана қоймай, қамқорлық таныта білді. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі жылдың үздік қайырлымдылық шараларына шолу жасады.

Су тасқыны – халықтың бірлігі мен мейірімін арттырды

2024 жылғы су тасқыны соңғы 80 жылдағы ең ірі табиғи апаттың бірі болды. Су тасқыны еліміздің 10 облысында болды. Одан 224 елді мекен, 17 603 тұрғын үй зардап шекті. Дегенмен, табиғи апаттан зардап шеккен азаматтар өз мәселелерімен жалғыз қалған жоқ. Еліміз бойынша 2 576 үй салынып, 1 000 000 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберілді. Табиғат апатынан зардап шеккен кәсіпкерлердің мүліктік шығындарын өтеу үшін Үкімет резервінен 12,1 млрд теңге сомасында қаражат бөлінді. Алматы қаласының тұрғындары бір аптаның ішінде 10 тонна гуманитарлық көмек жинады. Кәсіпкерлер өз шығындарын өтеп, кәсіптері қайта қалпына келді. Еліміздің 10 облысындағы 34 мыңнан астам азамат біржолғы төлем алды.

Мемлекет тарапынан халыққа барлық қажетті көмек көрсетілді – баспанасыз қалғандар үшін эвакуациялық пункттер ұйымдастырылды. 34 мыңнан астам адам 12,6 млрд теңгеге 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы төлем алды. Бұдан басқа, шамамен 10 млрд теңге көлемінде 150 айлық есептік көрсеткіш есебінде 21 880 отбасына келтірілген материалдық залал өтелді, - деді Қанат Бозымбаев Үкімет отырысында.

Алапат су тасқыны орын алысымен еріктілердің бірлескен күш-жігері су тасқыны салдарын азайтуға, зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек көрсетуге бағытталды. Облыс орталықтары, қала шеті мен аудан, ауылдарда еріктілер топ-топқа бөлініп жұмыс істеді. Қыздар ыстық тамақ істеп, гуманитарлық көмекті сұрыптаса, ерлер түздегі жұмысқа қолғабыс етті. Волонтерлердің барлығы арнайы оқытудан өтіп, оларға жыл ішінде қауіпсіздік шаралары бойынша мастер-кластар ұйымдастырылды. Жастар қанатының еріктілерінің көмегімен төтенше жағдай қызметкерлерінің нұсқауымен тұрғын үйлерге судың кіріп кетпеуі үшін құм толтырылған қапшықтардан бөгеттер орналастырылды.

Отандық компаниялар Қазақстандағы су тасқынынан зардап шеккен елді мекендерге қаржы аударып, қол ұшын созды. Бөлінген қаржының қомақты бөлігін "Самұрық-Қазына" қоры аударды. Аталған қор су тасқынының салдарын жоюға 15 млрд теңге бөлді.

Қор табиғи апаттан зардап шеккен өңірлерге жалпы сомасы 15 млрд теңге көлемінде материалдық көмек көрсетеді. Көмекті қордың корпоративтік орталығы, "ҚазМұнайГаз", "Қазатомөнеркәсіп", "Қазақстан темір жолы", "Қазақгаз", "Кегок", "Қазақтелеком", "Эйр Астана", "Самұрық-Энерго" компаниялары көрсетті, - деді Нұрлан Жақыпов.

Сонымен қатар "Қазақстан халқына" қоры зардап шеккендерге тұрғын үй салуға 5 млрд теңге бөлді.

Су тасқынының салдарын жою мақсатында "Теңізшевройл" компаниясы 2 миллиард теңге аударды.

Ал Chevron компаниясы су тасқынынан зардап шекккендерге 3 млн доллар бөлетінін мәлімдеді (шамамен 1,3 млрд теңге). Қаражатты компания өзінің жергілікті "Шеврон Мұнайгаз Инк." еншілес компаниясы арқылы бөлді.

Сонымен бірге Болат Өтемұратовтың қоры су тасқынынан зардап шеккендерге 680 млн теңге бөлген.

Екінші деңгейдегі банктер зардап шеккендердің несиелерінің мерзімін 30 маусымға дейін ұзартып, айыппұл мен өсімпұл есептемейтінін хабарлады.

Kaspi.kz, Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорымен бірлесіп, 55 мың адам шамамен 80 миллион теңге жинады. Kaspi.kz өз кезегінде қаражатты 200 миллион теңгеге дейін ұлғайтты. 8 сәуірде компания тағы 500 миллион теңге аударғанын хабарлады. Freedom зардап шеккендерге көмек ретінде 1 млрд теңге бөлді.

Қазақстанда 4 мыңнан астам игі іс жасалды

Қазақстанда игі істер марафоны жалғасын тапты. Дәстүрлі жалпыұлттық жоба қайырымдылық мәдениеті мен волонтерлікті дамытуға бағытталған еді. "Игі істер марафоны" жобасы аясында 4-10 қараша аралығында "Инклюзия" бағытындағы "Мейірімділік апталығы" өтті.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында халқымыздың қанына жанашырлық, қамқорлық, бауырмалдық сияқты асыл қасиеттер сіңгенін атап өтті. Ұйымдастырушылар "Игі істер марафоны" халықтың жанашырлық қасиеттерін көпке насихат етіп, аталған сөздердің жарқын дәлелі болатынына сенім білдіреді. 

Аталған жобалар күнтізбедегі маңызды күндерге, халықаралық және түрлі әлеуметтік, мәдени тақырыптарға арналған.

15 қарашада Павлодар облысында өнер мен шығармашылықты пайдалана отырып, психотерапия мен психологиялық түзетуге бағытталған "ART-терапия" акциясы, 6-7 қарашада Алматы облысында мүгедектігі бар адамдарға көмек пен қолдау көрсетуге бағытталған "Жүректен жүрекке" қайырымдылық акциясы өтті. Бүгінгі таңда еліміз бойынша 38 мыңға жуық азамат марафон аясында 4 мыңнан астам игі істер жасады.

"Мектепке жол" – дәстүрге айналған науқан

Елімізде "Мектепке жол" қайырымдылық акциясы 2010 жылдан бастап өткізіліп келеді, тіпті дәстүрлі шараға айналды десек артық болмас. Акция 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейінгі аралықта өткізіледі. Қайырымдылық шарасында аз қамтылған және көп балалы отбасының балаларына оқу жылына мектеп жабдықтарын сатып алуға көмектесіп келеді. 

Биылғы жылы 100 мыңнан астам балаға көмек көрсетілді. ШҚО-да аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мектеп формасымен, аяқ киім және қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етілді. "Мектепке жол" акциясының қорытындысы бойынша, 240 оқушы 9 миллион теңгеден астам сомаға мектеп формасымен, 170 оқушы миллион теңгеден астам сомаға жаңа аяқ киім және 1 008 балаға 15 миллион теңгеден астам сомаға сөмке, оқу-құралдарымен қамтылды. 

Ал Алматыда "Жалпыға бірдей білім беру" қорынан 15 мыңнан астам оқушы төлем алды. Халықтың әлеуметтік осал тобынан 15 мыңнан астам бала 55 мың теңге көлемінде көмек алады. Қаражат жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын "Жалпыға бірдей білім беру" қорынан бөлінеді, ақша мектеп формасы мен кеңсе жабдықтарын сатып алуға бағытталады.

Мектеп құралдарын алу үшін 80 мыңға жуық ата-анаға ақша аударылады. Балалар құқығын қорғау комитетінің дерегінше, "Жалпыға бірдей білім қоры" 510 мың балаға 43 мың 407 теңгеден бөледі. Олардың қатарында атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардағы мектеп оқушылары мен табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балалары бар. Сонымен қатар жетім балалар мен төтенше жағдайға тап болған отбасылар да кіредіАлматыда берілетін көмек көлемі 50 мың теңгеден басталады. Қалған өңірде 43 мың теңге. Бұл ата-аналар мен балаларға киім-кешек пен мектеп керек-жарақтарын жеткізушілерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Осылайша сапасыз тауарларды алуды болдырмайды, - деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

"100 игі іс" Halyk Bank-пен бірге

Фото: Семей қаласының әкімдігі

Өзінің жүз жылдық мерейтойын Halyk Bank Қазақстан халқымен бірге атап өтуді жөн көріп, "100 игі іс" іс-шарасын іске қосты. Балалар мен жасөспірімдерге арналған жаңа ойын алаңдары Қазақстанның жеті облысында: Екібастұз, Өскемен, Атырау, Шымкент, Түркістан, Балқаш және Қонаев қалаларында орнатылды.

"Халық" корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігі жоғары ұйым ретінде Қазақстандағы қоғамдық өмір мен қайырымдылықты дамытуға жыл сайын қомақты қаржы бөледі және ең бастысы жанын салады. Кез келген қоғамның өсуі жас кезінен басталады, сондықтан банкіміздің 100 жылдығына орай біз жеті облыстың балаларына жаңа ұрпақтың спорт пен салауатты өмір салтын дамытуға, сондай-ақ әлеуметтік саланы сақтауға көмектесетін ойын алаңдарын беруді ұйғардық, - деді Halyk Bank PR қызметінің басшысы Әсел Оразбаева.

Фото: Семей қаласының әкімдігі

Halyk Bank барлық учаскелердің құрылысына 83 млн теңге бөлді. Олар балалардың қажеттіліктері мен олардың белсенділігін ескере отырып, ең жоғары стандарттарға сай салынған. Сондай-ақ құрылыс кезінде барлық жастағы балалар арасындағы жарақаттар мен жазатайым оқиғаларды азайтуға көмектесетін барлық қауіпсіздік шаралары ескерілген.

Фото: Семей қаласының әкімдігі

Халық банкі халықтың әлеуметтік осал санатындағы елорда тұрғындарының үйлерін газдандыруға да көмектеседі. Бұл туралы Астана әкімі мен банк басшысы тиісті меморандумға қол қойған. Жоспарға сәйкес, көгілдір отын Алматы және Сарыарқа аудандарындағы 100 жеке үйде пайда болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Әлеуметтік желілерден алынған
Өзгелердің жаңалығы