Жыл енді басталса да, министрліктер мен әкімдіктер міндеттерді дәл орындауы қажет – Мамин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Премьер министрі Асқар Мамин Үкіметтің онлайн отырысында жыл енді басталса да, министрліктер мен әкімдіктер жұмысты жандандырулары керек екенін айтты.

Үкімет басшысы атап өткендей, эпидемиологиялық жағдай бақылауда, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кейбір өңірлерде белгілі бір шектеулер әлі де қолданылып отыр.

Биылғы қаңтар айының қорытындысы бойынша 7 негізгі көрсеткіштің ішінде бесеуі бойынша сегіз өңірде әлеуметтік-экономикалық дамудың өсуі байқалуда. Олар – Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қостанай облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары, - деді ол онлайн отырыста.

Сондай-ақ, бес өңірде 4 көрсеткіш бойынша оң динамика байқалады. Олар – Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстары.

Солтүстік Қазақстан, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының қол жеткізген көрсеткіштері төмен. Жыл енді басталса да, министрліктер мен әкімдіктер жұмысты жандандырып, тиісті шаралар қабылдауы керек және белгіленген мақсаттар мен міндеттерді дәл орындау қажет, - деп айтты Асқар Мамин.
Үкімет басшысы мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына, өңірлердің әкімдеріне және квазимемлекеттік сектордың басшыларына инвестиция тартуға жауапты орынбасарлардың осы маңызды функцияға баса назар аударуына ықпал етуді тапсырды.

Айта кетейік, Үкімет басшысы экономиканың тұрақтылығы жұмыссыздық деңгейін 5%-ға дейінгі диапазонда ұстап тұруға және халықтың нақты табысының айтарлықтай төмендеуіне жол бермеуге мүмкіндік беретінін айтты.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы