Жыл басынан теміржол арқылы 7,4 млн тонна астық тасымалданды

Жыл басынан бері астықты теміржол көлігімен тасымалдау 29% өсті, деп хабарлайды BAQ.KZ «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биылғы жылдың 8 айында ҚТЖ желісі бойынша 7,4 млн тонна астық тасымалданды. Бұл өткен жылдың ұқсас көрсеткішіне қарағанда 29%-ға артық. Астық экспорты 40% өсіп, 6,3 млн тоннаны құрады. Ұнтақ өнімдерін тасымалдау 16,5%, яғни 1,9 млн тоннаға дейін өсті. Экспортқа 1,5 млн тонна жөнелтілді, өсім 30,2% құрады. Қазақстандық астық пен ұнтақ өнімдерін өткізудің негізгі нарықтарына - дәстүрлі түрде Орталық Азия елдері, Ауғанстан, Иран, Ресей және ҚХР жатады, - делінген компания таратқан хабарламада.

ҚТЖ желісі бойынша жүктерді тасымалдау теміржол инфрақұрылымының өткізу қабілетін ескере отырып, жүк жөнелтушілердің өтінімдері бойынша алдағы айға қалыптастырылатын негізгі жоспар шеңберінде жүзеге асырылады.

Негізгі жоспар орындалмаған және желінің еркін өткізу қабілеті болған кезде жоспардан тыс тасымалдар (немесе қосымша жоспар) қалыптастырылады. Жүктерді өткізу қабілеттілігінсіз қабылдау тастанды пойыздардың жиналуына әкеледі. Өтінімдерді жасау кезінде жүк жөнелтушілер жүктерді тасымалдауды нақты жоспарлауы қажет.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы