Жыл басынан бері жол апатынан 90 бала қаза тапқан
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев «Абайлаңыз - балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасының 1-кезеңі бойынша атқарылған жұмыстар туралы өткен брифингте айтты.
Оның айтуынша, шара екі кезеңде жүзеге асырылады.Республика жолдарында болатын әрбір 4-ші жол апаты кәмелетке толмағандардың қатысуымен болып отыр. Жыл басынан бері осындай жол апатынан 90 бала қайтыс болып, 1860-ы жарақат алды. Мектеп оқушылары пандемия кезінде қашықтан оқуға ауысты. Осы кезеңде жасөспірімдер арасында профилактикалық шаралар да азайды. Осыған орай, ІІМ жол-көлік апатынан балаларды сақтандыру мақсатында оқу жылының басталуы қарсаңында «Абайлаңыз - балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүзеге асырылды, - деді Жандос Мұратәлиев.
Қазіргі таңда дайындық кезеңі қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл кезеңде білім беру мекемелерінің аумағындағы жұмыс, жол жүрісін ұйымдастырудың техникалық мүмкіндіктері зерттеледі. Іс-шара кезінде коммуналдық қызметкерлерімен жол маңайына 4 мыңнан астам тексеру жұмыстары жүргізілді. Тексеру нәтижесі бойынша анықталған кемшіліктерді жою үшін уәкілетті мекемелерге 2 мыңға жуық нұсқама берілді, - деді ол.