Жыл басынан бері жалған инвестиция салуға шақырған 121 сайт бұғатталды – ІІМ

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Ғаламторда, соның ішінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде еселеп табысқа кенелтетін түрлі жобалардың жарнамасы кеңінен таралып жатыр. Жоғары табысты уәде ететін қазақстандық ұлттық компанияларға инвестиция салу туралы ақпараттар да бар. Домен аттарын тексеру барысында аталған сайттардың мазмұндары ұқсас екендігі және олардың АҚШ-та тіркелгендігі анықталды. Парақшаларды тексере келе, сайттың тіркеу үлгісі орналастырылған тек бір ғана басты беттен тұратыны белгілі болды. Сайт фишингтік және азаматтардың жеке деректерін жинау үшін жасалған деуге негіз бар, - деп атап өтті ведомство өкілі. 

Айтуынша, жыл басынан бері мұндай 800-ге жуық сайт тіркелген. 

Көрсетілген ресурстардың иелерін анықтау үшін АҚШ Әділет министрлігіне сәйкес сұраныс жіберілді. Жыл басынан бері жоғары табысты уәде еткен 769 алаяқтық тіркелген. 120 жағдайда азаматтарды түрлі компаниялар инвестиция салуға тартқан. Азаматтардың басым көпшілігі ақшаларын алаяқтық жобаларға салған. Оның ішінде «ҚазМұнайГаз» - 22, Халық банк – 6 дерек, қалғандары Еңбек инвест, ҚазМинерал,  Forex Freedom атын иеленген аляқтарға алданған. Осыған байланысты мұндай ресурстар интернет қолжетімді кез келген жерден құрылуы мүмкіндігін ескертеміз. Оған қарсы тұрудың тиімді шарасы – оларды мониторинг барысында анықтау мен қолжетімділікті бұғаттау, - деді Шұғыла Тұрлыбек. 

Сонымен қатар ол ІІМ бұл бағыттағы жұмысты тұрақты негізде жүргізіліп келе жатқанын алға тартты. 

Жыл басынан бері 121 ресурс анықталды. Ол қазақстандық қолданушылардың қолжетімділігін бұғаттау үшін «Кибернадзор» ақпараттық жүйесіне енгізілді, - деп түсіндірді ол.  

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы