Жыл басынан бері зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 7% ұлғайған

Алматы, BAQ.KZ. 2019 жылдың 1 шілдесіне қарай зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 9,99 трлн теңгені құрап, жыл басынан бері 7% - ға немесе 615 млрд теңгеге ұлғайды. Бұл туралы БЖЗҚ баспасөз қызметі хабарлады. 


2019 жылдың бірінші жартыжылдығында жинақталған зейнетақы қаражатының өзгеруі 464,8 млрд теңге мөлшерінде зейнетақы жарналарының,  107,6 млрд теңге мөлшеріндегі зейнетақы төлемдерінің, сондай-ақ, 257,5 млрд теңге көлеміндегі инвестициялық кірістің түсулерімен байланысты болған.

«1 шілдеге қарай міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтары 9,8 трлн теңгені, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен - 220,0 млрд теңгені, ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен - 1,9 млрд теңгені құрады. 2019 жылдың 1 шілдесіне қарай МЗЖ, МКЗЖ, ЕЗЖ жеке зейнетақы шоттарының жалпы саны (техникалық шоттарды қоспағанда) 10,3 млн. шотты құрап, жыл басынан бастап 1,2%-ға немесе 119,3 мың шотқа өсті», - делінген хабарламада.

Бұл ретте МЗЖ бойынша жеке зейнетақы шоттарының саны (техникалық шоттарды есепке алмағанда) жыл басынан бастап 1%-ға немесе 100 мың шотқа ұлғайып, 9,7 млн шотты құраған.

Техникалық (сәйкестендірілмеген) шоттар саны есептік кезеңде 216,3 мыңнан 201,8 мың шотқа дейін 7%-ға азайған.

«2019 жылдың бірінші жартыжылдығында БЖЗҚ-да 155 821 салымшы үшін жеке зейнетақы шоттары ашылды. Алғаш рет БЖЗҚ-да шот ашқандардың 22%-ы 20 жасқа дейінгі топты құрады, 36,2% - 21-ден 30 жасты, 18,3%- 31-ден 40 жасты, 13,6%- 41-ден 50 жасқа дейінгі, 9,9% - 51 жастан жоғары топтарды құрады», - делінген хабарламада.

Қор берген мәліметте 2019 жылдың бірінші жартыжылдығындағы зейнетақы төлемдерінің жалпы сомасы 107,6 млрд теңгені құрағаны айтылады. Жасына байланысты төлемдер 41 млрд теңгені құрап, сақтандыру ұйымдарына 30 млрд теңге аударылған, 21 млрд теңге ҚР шегінен тыс жерлерге тұрақты тұруға кетуге байланысты төленіпті. Өткен жылдың осы кезеңінде зейнетақы төлемдерінің жалпы сомасы 100,9 млрд теңгені құрапты.

«2019 жылдың бірінші жартыжылдығында БЖЗҚ салымшыларының жеке зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық кіріс 257,5 млрд теңгені құрады.  Соңғы 12 айда зейнетақы активтерінің табыстылығы инфляция 5,4% болғанда 9,4% құрады. Осылайша зейнетақы активтері соңғы 12 айда 4% мөлшерінде нақты оң кірістілікке ие болды», - делінген хабарламада.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы