Жыл басынан бері теңгенің бағамы 1%-ға нығайды – Ұлттық банк

Үкімет отырысында Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов теңге бағамының динамикасы жөнінде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол жыл басынан бері теңгенің бағамы бір доллар үшін 519,73 теңгеге дейін, яғни 1%-ға нығайғанын хабарлады.

Сыртқы факторлар бойынша әлемдік сауда соғыстарына байланысты нарықтағы құбылмалылық және Ресей рублінің нығаюы байқалады. Сонымен қатар, мұнай бағасы шамамен бір баррель үшін $70 доллар деңгейінде қалыптасты. Ішкі факторлар бойынша жылдың алғашқы айларында ұлттық валютаны қолдауға импорттық сатып алудың қысқаруы мен экспорттаушылардың салық төлемдері есебінен валюта ұсынысының ұлғаюы әсер етті.

Сонымен бірге, өткен айдың екінші жартысынан бері валюта нарығында сұраныстың артуына байланысты теңгенің айырбастау бағамының маусымдық өзгерісі байқалады. Оған халық арасында демалыс кезеңінің басталуы, бюджеттік бағдарламалар мен мемлекеттік сатып алуды белсенді іске асыруға байланысты заңды тұлғалар жағынан долларға деген сұранысының өсуі негізгі факторы болды. Десе де, бұл өзгерістер қысқа мерзімді және бірқалыпты сипатқа ие.

Жалпы сыртқы орта қалыпты. Ал ішкі факторлар маусымдық сипатқа ие. Бұл жағдайда айырбастау бағамының айтарлықтай өзгеруі үшін негіз жоқ. Ұлттық Банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын икемді бағам белгілеу режимін ұстануды жалғастырады, – деді Тимур Сүлейменов.

Еске салайық, бүгінгі Үкімет отырысындағы жиында 2025 жылғы қаңтар–маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен республикалық бюджеттің атқарылу нәтижелері талқыланады.

Отырыс қорытындысы бойынша Үкімет басшылығының қатысуымен баспасөз конференциясы ұйымдастырылады. Үкімет отырысы мен баспасөз мәслихатының тікелей көрсетілімі BAQ.KZ сайтында жүргізіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы