Жыл басынан бері сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлағандарға 4,5 млн теңге берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2019 жылдың 2 айында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған 29 тұлғаға жалпы сомасы 4,5 млн теңге сыйақы берілді. Бұл туралы ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қоғаммен байланыс департаментінің директоры Арман Бердалин мәлімдеді.

Қазақстанда Сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте өзгеше түрде көмек көрсеткен азамат қылмыстық жауапкершіліктен босатылады, дәлелін тапқан жағдайда біржолғы ақшалай сыйақы түрінде ынталандырылуы мүмкін. 2018 жылы бей-жай емес азаматтардың өтініші бойынша Агенттіктің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы жемқорлық қылмыстарының бірқатарын анықтады.

«2018 жылы сыбайлас жемқорлық фактілері туралы расталған хабарламалары үшін 185 тұлға 27,3 млн теңгеге көтермеленді. Оның ішінде онша ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша 2 азаматқа – 192 400 теңге, ауырлығы орташа бойынша 73 тұлғаға – 9,04 млн теңге, ауыр қылмыстар бойынша 106 тұлғаға 18,1 млн теңге сыйақы берілді», - деді Арман Бердалин.

2019 жылдың екі айында Ұлттық бюроның аумақтық департаменттерімен 29 тұлғаға жалпы сомасы 4,5 млн теңге сыйақы берілді. Оның ішінде ауырлығы орташа сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша 9 азамат 1,1 млн теңгеге, ауыр қылмыстар бойынша 20 тұлға 3,4 млн теңгеге ынталандырылды. 

Бұған дейін биыл 75 адам сыбайлас жемқорлық үшін еселенген айыппұлмен сотталғанын хабарлаған болатынбыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы