Жыл басынан бері ҚТЖ паркі 146 жаңа локомотивпен толықты
Локомотивтерді жаңарту пойыздар қозғалысы мен маневрлік жұмыстардың сенімділігі мен тиімділігін арттыруға, сондай-ақ локомотив деполарының техникалық жарақтандырылуын жақсартуға мүмкіндік береді.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жыл басынан бері 146 бірлік заманауи тартқыш техникасын қабылдады. Оның ішінде шілде айында Alstom және CRRC компаниялары шығарған 12 жаңа локомотив бар.
Шілде айында ҚТЖ-ның локомотив паркі үш электровоз және тоғыз маневрлік тепловозбен толықты.
Жаңа техника Солтүстік өңірдегі локомотив деполарына жіберілді. Атап айтқанда, «Электровоз құрастыру зауыты» өндірген үш электровоз Астанаға жеткізілді. Ал CRRC компаниясы шығарған тоғыз маневрлік тепловоздың үшеуі Павлодарға, үшеуі Қарағандыға және тағы үшеуі Астана локомотив деполарына бөлінді.
ҚТЖ мәліметінше, жыл басынан бері қабылданған 146 заманауи локомотив теміржол саласының тартқыш техника паркін жаңартуға бағытталған.
Локомотивтерді жаңарту пойыздар қозғалысы мен маневрлік жұмыстардың сенімділігі мен тиімділігін арттыруға, сондай-ақ локомотив деполарының техникалық жарақтандырылуын жақсартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жаңа техника локомотив бригадаларының еңбек жағдайларын жетілдіруге ықпал етеді.
Жаңа локомотивтердің өңірлерге кезең-кезеңімен енгізілуі теміржол көлігінің өндірістік мүмкіндіктерін арттырып, тасымал үдерістерінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.