Жыл басынан бері Қостанай облысында 18 адамнан бруцеллез анықталған
Жыл басынан бері Қостанай облысында 18 адамнан бруцеллез анықталған. Оның үшеуі – бала, деп хабарлайды BAQ.KZ «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.
Дертке шалдыққандардың бәрі ауылда тұрады. Әулиекөл, Науырзым, Қарасу, Қостанай аудандарының тұрғындары. Олардың бірі ауру малды күткен, бірі – өнімін тұтынғандар. Қазір науқастар тұрақты түрде медициналық тексерістен өтіп, ем қабылдап жүр. Бруцеллез шыққан елді мекендерде шектеу енгізіліп, эпизотияға қарсы іс-шаралар қолға алынды. Ауру мал санитарлық сойысқа жіберілген. Ал олардың иелері жарты жыл бойы дәрігерлердің бақылауында болады.
Ауру малмен жақын қашықтықта болған адамдардың бәрі міндетті түрде тексеріледі. Клиникалық жағдайда қан алынып, бактериологиялық, генетикалық, серологиялық зерттеу жүргізіледі. Мал сойылғаннан кейін иелері жарты жыл бақылауда болып, зертханалық зерттеуге 2 ай сайын қан алынып отырады, - дейді Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Әсел Баймұхаметова.