Жыл басынан бері 881 адам ішімдік ішіп көлік жүргізген

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев халыққа есеп беру кездесуінде айтты.

Оның айтуынша, елімізде жыл сайын жол-көлік қозғалысынан 2,5 мың адам қаза табады. 20 мыңнан астам адам жарақат алады. Осы жылдың басынан бері 548 адам қаза тауып, 5,5 мың адам жарақат алған. 
Апаттық жағдайдың негізгі себебі жүргізушілердің жол ережесін сақтамауы болып отыр. Жылдамдықты арттыру, маневр жасау ережесін бұзу көп, яғни қоғамда көлік жүргізу мәдениеті әлі қалыптаспаған. Оған көптеген мысал келтіруге болады. Жүргізуші көлік рөліне отырғанда тек өзінің емес, айналасындағылардың да қауіпсіздігіне жауапты екенін түйсінуі қажет,-дейді министр. 

Сонымен қатар, ол жыл басынан бері ішімдік ішіп көлік жүргізген 881 адам қылмыстық жауапқа тартылғанын айтты. 
Жол ережесін бұзған 3,5 мың адам жүргізу куәлігінен айырылған. 6700 жүргізушіге арест салынған. Жолдағы бақылауды күшейту үшін жол ережесін бұзғандарды автоматты тіркеу жүйесі енгізіліп жатыр. Соңғы жылы жол ережесін бұзу 3 есеге артқан. Мұндай жүйе көлік жүргізуші мен полиция арасындағы байланысын азайтуға және ережені сақтауға мүмкіндік береді. Осындай автоматты жүйенің арқасында республика бойынша жыл сайын 1,5 млн жол ережесін бұзу дерегі тіркеледі, бұл жол ережесін бұзудың 40 пайызын құрайды,-деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы