Жыл басынан бері есірткінің заңсыз айналымына қатысты 420 қылмыс жасалды - жедел уәкіл
Бұл туралы ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті басқармасының жедел уәкілі Данияр Орал министрліктің апталық брифингінде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінде есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес Ішкі істер министрлігінің назарында. Полицияның күш-жігері ұйымдасқан есірткі топтарының жолын кесуге және есірткі өндірісі мен жеткізу арналарын, әсіресе олардың синтетикалық түрлерін жоюға бағытталған.
Интернет-ресурстарды пайдалана отырып, есірткі құқық бұзушылықтардың жолын кесу бүгінгі таңда ерекше өзекті. Жыл басынан бері есірткінің заңсыз айналымына байланысты 420 қылмыс анықталды, оның ішінде 265 өткізу және 76 заңсыз сақтау фактісі, - деп атап өтті жедел уәкіл.
Сонымен қатар ол заңсыз айналымнан қанша көлемде есірткінің тәркіленгеніне тоқталды.
Заңсыз айналымнан 755 келі есірткі, оның ішінде 270 келі «марихуана», 93 келі «гашиш» және 105 келі синтетикалық есірткі тәркіленді. Есірткі бизнесінің ұйымдасқан түрлеріне қарсы іс-қимыл бойынша жұмыстар жүргізілуде. 1 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. ҚК 262-бабы 1-тармағы «ҰҚТ ұйымдастыру және қатысу» бойынша қылмыстық іс қозғалып 8 қатысушысы қылмыстық жауапкершілікке тартылды, 85 кг-нан астам есірткі тәркіленді. Синтетикалық есірткінің заңсыз айналымының жолын кесу бойынша тұрақты негізде іс-шаралар өткізіледі. Жыл басынан бері 7 есірткі зертханасы ойылып, пайдалануға дайын 90 келіден астам есірткі және 1,5 тоннадан астам прекурсорлар тәркіленді, - деді Данияр Орал.