Жыл басынан бері Call-орталыққа 5,5 мыңға жуық қоңырау түсті - Антикор

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. AntikorNews алаңында өткен брифингте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бекайдаров сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша жыл басынан бері Call-орталыққа 5,5 мыңға жуық қоңырау түскенін айтты.

Бекайдаров айтқандай, бірыңғай «Call-орталығы» 2015 жылы құрылған. Орталық агенттіктің қызметі, мемлекеттік қызметке тұру және оны өткеру тәртібі, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері бойынша халыққа ақпараттық-кеңес беру қызметтерін көрсетеді.

 

Бұл бөлімшенің әлеуеті халықтың азаматтық белсенділігінің индикаторы ретінде талдамалық мақсаттарда және сыбайлас жемқорлыққа неғұрлым бейім салаларды айқындау үшін пайдаланылады. Call-орталыққа қандай да бір мемлекеттік органдағы сыбайлас жемқорлық фактілері туралы келіп түскен әр хабарламаны тиісті талдау бөлімшелері өңдейді, нәтижелері бойынша белгілі бір шаралар қабылданады, - деп түсіндірді тергеуші онлайн брифинг кезінде.

 

Оның мәліметінше, хабарламалардың көпшілігі тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың заңсыз әрекеттеріне қатысты.

 

Соңғы уақытта тәулік бойы жұмыс істейтін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Call-орталығына сенім артып келеді. Атап айтқанда, жыл басынан бері Call-орталығына 5,5 мыңға жуық қоңырау түсті, бұл өткен жылғы қоңырау санынан 26%-ға артық. Былтыр 4 025 болған. Оның ішінде 1 мыңға жуық қоңырау Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің құзыретіне жатады, - деп айтты Данияр Бекайдаров.

 

Сондай-ақ, 105 шағымда сыбайлас жемқорлық фактілері бар. Қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бар 57 өтініш бойынша 7 сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Былтыр жылдың соңында түскен хабарламалар бойынша 2 үкім шығарылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы