Жыл басынан бері Алматы облысында 304 жүк көлігі әкімшілік жауапқа тартылды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. 2020 жылдың басынан бері Алматы облысында жүктерді шамадан тыс артық тиеген 304 жеке жүк көлік құралы әкімшілік жауапқа тартылды. 

Оларға қатысты 494 әкімшілік хаттама толтырылып, 31 млн теңге сомасында айыппұл салынды. Бұл туралы Алматы облысы бойынша Көліктік бақылау Инспекциясының басшысы Болат Нурабаев брифинг барысында айтты. 

Оның айтуынша, Көліктік бақылау инспекциясы қазір жергілікті полициямен бірігіп жүкті шамадан тыс тиеген көліктерді анықтау үшін рейдтер жүргізуде. Және бұл бағыттағы жұмыстар белсенді жүргізіліп жатқан көрінеді. 

Бұған дейін айтқанымыздай наурыздың 1-нен бастап оңтүстік аймақтарда жүк көліктеріне қатысты шектеулер енгізілді. Наурыздың 1-11 аралығында 67 жүк көлік иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға қатысты 147 әкімшілік хаттама толтырылып, 9,8 млн теңге сомасында айыппұл салынды. Бұл ауыр жүкке салынған шектеу 20 пайыз. Егер жүк көлігі екі білікті болса, оның бір білігіне 10 тонна жүк артуға болады, шектеу уақытында оған 8 тонна ғана арту керек. Бірақ көп жағдайда жеке тұлғалар мұндай тәртіпке бағына бермейді. Одан келіп бізді жүргізбей жатыр, пара талап етіп жатыр дегендей қауесет таратады, - дейді Болат Нурабаев. 

Көліктік бақылау инспекциясының басшысы қызметкерлерінің пара алу жағдайы болуы мүмкін еместігін айтады. Өйткені көлікті тексеретін орындардың барлығы камерамен жабдықталған.

Жол бойында жүк көліктерінің салмағын өлшейтін құрылғылар камерамен және соңғы заманауи құрылғылармен қамтылған. Таразының үстіне келіп тоқтаған көліктің мәліметтері бірден орталық базаға жеткізіледі. Бұл жерде адами фактор әсер ете алмайды. Ешкім оның жүгінің салмағын төмендетіп, ақша сұрай алмайды. Алматы облысы Көліктік бақылау инспекциясы қызметкерлерінің пара алғандығы туралы мәліметтер жоқ. Соңғы рет 2018 жылы кейбір қызметкерлердің үстінен іс қозғалғанын білемін. Ал былтырдан бері ондай жағдайды естігенім жоқ, өйткені күн өткен сайын тексеру пунктеріндегі құрылғылар жетілдіріліп жатыр, - дейді ол. 

Сондай-ақ ол, 2020 жылдың басынан бері әкімшілік жауапқа 304 жеке жүк көлік құралы тартылғанын, оларға қатысты 494 әкімшілік хаттама толтырылып, 31 млн теңге сомасында айыппұл салынғанын айтты. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге жоғары. 

Мәселен, республика бойынша "КаздорНИИ" АҚ-ның 200 карерлік жүк көлігі бес жылдан бері жалпыға қолданылуға берілген жолға 240 млрд теңгеден астам шығын әкелген. Бұл жолдың бәріне мемлекет бюджетінен ақша бөлінеді. Бірақ кейбір мекемелер мен жеке тұлғалар бекітілген заң нормаларын сақтай бермейді, - деді ол. 

Бұған дейін 1 наурыздан бастап еліміздің оңтүстік өңірлерінде Республикалық маңызы бар автокөлік жолдарында ауыр жүкті тасымалдауға уақытша шектеу қойылғанын хабарлағанбыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы