Жыл басынан бері қамаққа алынғандар саны 13% төмендеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында қылмыстық заңнаманы жаңғырту туралы баяндады.  

«2018  жылы Қылмыстық  процесті жаңғырту туралы Заңның қабылдануымен теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар бойынша сот ісін жүргізу жеңілдетілді. Адамдарды 48 сағатқа дейін, кәмелетке толмағандарды 24 сағатқа дейін ұстау мерзімі қысқартылды. Экономикалық қылмыстар бойынша сотқа дейінгі қамаққа алу тыйымы енгізілді», - деді Бас прокурордың орынбасары.

Ахметжанов реформа нәтижесінде 2018 жылы ұсталғандардың 80% екі тәулік ішінде сотқа жеткізілгенін айтты. Бұрын бұл процесс үш күнді алатын еді. 

«Қамауда ұстау» бұлтартпау шарасы таңдалған адамдардың жалпы саны 37%-ға қысқарды. Бұл тенденция биыл да сақталып отыр. Биыл 3 айда ұсталғандардың саны – 17%, қамаққа алынғандар саны 13%-ға төмендеді. Бас бостандығынан айыруға балама жазалар қолдану шаралары енгізілді. Үйқамаққа алынғандар саны 2 есе, ешқайда жол жүрмеу туралы қолхаттар саны 5 есе өсті», - деп айтты ол.

Бас прокурордың орынбасары адвокаттардың өкілеттерін кеңейту есебінен қылмыстық процестің жарыспалылығы артқанын атап өтті. 

«Электрондық қылмыстық істің енгізілуімен дәлелдемелерді бұрмалаушылықтар және түрлі бұзушылықтар мейлінше азайды. Бүгінде цифрлық форматта шамамен 36 мың немесе 7% іс тергеп-тексерілді, олардың 8,5 мыңы сотқа жіберілді», - деді Ахметжанов.

Бұған дейін BAQ.KZ тілшісі  Қарағанды облысының Долинка кентіндегі АК-159/7 мекемесіндегі сотталған азаматтың бір күні туралы арнайы материал әзірлеген болатын.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы