22 Шілде 2026, 10:07 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Жыл басынан бері 96 мыңнан астам қазақстандық тұрақты жұмысқа орналасты

Қазақстанда тұрақты жұмыспен қамтылған азаматтар саны артып келеді. 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша елімізде 249 598 адам жұмысқа орналасқан, деп хабарлайды BAQ.KZ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, жыл басынан бері 96 415 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30 мыңнан астам адамға көп. Қазір жұмысқа орналасқан азаматтардың басым бөлігі тұрақты еңбек қатынастарына тартылып, тұрақты табыс пен әлеуметтік кепілдіктерге ие болған.

Сонымен қатар еңбек нарығының құрылымында да оң өзгерістер байқалады. Бұрын жұмыспен қамтудың елеулі бөлігін уақытша жұмыс орындары құраса, бүгінде ұзақ мерзімді жұмыспен қамтуға басымдық беріліп отыр.

Мәселен, уақытша жұмысқа орналасқандар саны 115 960 адамнан 76 953 адамға дейін азайған. Бұл еңбек нарығында тұрақты жұмыспен қамтудың үлесі артып келе жатқанын көрсетеді.

Ведомствоның түсіндіруінше, бұл нәтижеге жұмыс берушілермен өзара ынтымақтастықты кеңейту, Enbek.kz электрондық еңбек биржасының цифрлық сервистерін жетілдіру, сондай-ақ еңбек нарығының сұранысына сай кәсіптік оқыту бағдарламаларын іске асыру ықпал еткен.

Биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша елімізде жұмыспен қамтылғандар саны 9 млн 392 мың адамға жеткен. Оның ішінде жалдамалы жұмыскерлер саны өткен жылмен салыстырғанда шамамен 150 мың адамға артқан.

Сондай-ақ еліміздегі жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайыз, ал жастар арасындағы жұмыссыздық 3 пайыз деңгейінде сақталып отыр.

Министрлік алдағы уақытта да сапалы жұмыс орындарын құру, еңбек өнімділігін арттыру және азаматтардың кәсіби біліктілігін дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастыратынын мәлімдеді. Негізгі мақсат – қазақстандықтарды тұрақты табыс көзі бар, ресми еңбек қатынастары рәсімделген және лайықты еңбекақы төленетін жұмыс орындарымен қамту.