Жыл басынан бері 90 бала жол-көлік оқиғасынан қаза тапты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ІІМ-нің онлайн брифингінде министрліктің ресми өкілі Нұрділда Ораз мәлімдеді.
Балалардың жолдағы қауіпсіздігі - маңызды және өзекті. Өкінішке қарай, республикадағы әрбір төртінші жол-көлік оқиғасы кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалады. Жыл басынан бері осындай ЖКО-да 90 бала қаза тауып, 1 860 бала жарақат алды. Пандемия және халықты әлеуметтік оқшаулау кезеңінде оқушылардың көпшілігі қашықтан оқыту форматында оқыды. Осы кезеңде жас ұрпақ арасында білім беру және құқықтық түсіндіру жұмыстарының көлемі де төмендеді, - деді ол.
Нұрділда Ораздың айтуынша, осыған байланысты оқу жылының басталуы қарсаңында бүгіннен бастап Ішкі істер министрлігі «Назар аударыңыз - балалар!» іс-шарасын ұйымдастыруда. Аталған іс-шара 2 кезеңнен тұрады, олар - дайындық кезеңі (23-31 тамыз аралығында) және негізгі кезең (1-10 қыркүйек аралығында).
Дайындық кезеңі аясында білім беру мекемелерінің аумағына іргелес жерлерде көше-жол желісінің және жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдарының жай-күйін зерттеу, сондай-ақ ата-аналармен және мұғалімдермен жол қозғалысы қауіпсіздігі тақырыбында профилактикалық сабақтар, дәрістер өткізу жоспарланған, - деп түсіндірді ІІМ ресми өкілі.
Негізгі кезең балалармен тікелей жүргізіледі. Бұл жол қозғалысы қауіпсіздігін насихаттауға және балалардың жол-көлік жарақаттануының алдын алуға бағытталған іс-шаралар. Бұдан басқа, осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап оқу орындарына іргелес жерлерде полицияның кешенді күштері нарядтарының тығыздығы ұлғайтылады.
Айта кетейік, балалардың жолдардағы қауіпсіздігі көп жағдайда ата-аналарға байланысты.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
Әлемде аллергиясы бар адамдар көбейді
Өзгелердің жаңалығы