Жыл басынан бері 3,8 мыңнан астам тұтынушыдан өтініш түскен
Жыл басынан бері Астана қаласы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне тұрғындардан 3 848 өтініш түскен, деп хабарлайды BAQ.KZ қалалық әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы Департамент басшысы Нұрғали Егембердиев елордадағы коммуникациялар қызметінде өткен брифингте тұтынушылардың заңды құқықтары қалай қорғалатынын мәлімдеді.
Мәселен, «e-Оtinish» платформасы және электрондық үкімет порталы арқылы департаментке 2 151 өтініш түскен. 1 431 тұтынушыға түсініктемелер берілген, соның ішінде 370 өтініш құзыреті бойынша басқа мемлекеттік органға жіберіліп, ал 350 жағдай бойынша тұтынушылар мәселесі реттелген, тұтынушыларға ақшалай қаражатты қайтару сомасы 160 млн теңгені құрады.
«Telegram Bot» арқылы түскен 370 өтініш бойынша тұтынушыларға олардың сұрақтарына түсініктемелер берілген. Азаматтарды жеке қабылдау барысында 600-ден астам тұтынушы қабылдауда болып, жедел желі телефонына 700-ден астам қоңырау түскен, әр сұрақ бойынша азаматтар түсініктеме және маманның қажетті кеңесін алған.
Тұтынушының құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда тұтынушы сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) құқықтар мен заңды мүдделердің бұзылуын жою және тұтынушыға тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтердің) кемшіліктері салдарынан осы бұзушылықтармен келтірілген залалды ерікті тәртіппен өтеу туралы шағыммен жүгінуге құқылы. Тұтынушының сатушыға шағымы қолма-қол тапсырылады немесе тапсырылғаны туралы хабарламасы бар тапсырысты пошта арқылы яки егер мұндай мекенжай бұрын көрсетілген болса, оның электрондық поштасының мекенжайы бойынша жіберіледі. Сатушы тұтынушының талабын қарауға және талапты алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде талаптармен келіспеген жағдайда жоғарыда баяндалған тәсілдермен дәлелді жазбаша жауап беруге міндетті, - деді спикер.
Егер сатушы 10 күнтізбелік күн ішінде шағымға жазбаша жауап бермесе, оған ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілік жүктеледі. Елордада осындай бұзушылық үшін 110 кәсіпкер жазаланған.
Егер мұндай сатушы ескерту алғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасаса, онда оған айыппұл салынады: жеке тұлғалар үшін – 10 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін – 20 АЕК, орта кәсіпкерлік үшін – 30 АЕК, ірі кәсіпкерлік үшін – 50 АЕК.
Тұтынушыларды сауаттандыру мақсатында елордада халық арасында тұтынушылық сауаттылықты арттыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары үнемі жүргізіліп тұрады. Мамандар жедел желі телефоны бойынша кеңес береді, жеке қабылдаулар жүргізеді.