Жыл басынан бері 32 мыңға жуық адам мүгедектікке онлайн өтінім берді
Мүгедектікті белгілеу бойынша 31,7 мыңнан астам өтінім сырттай форматта қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2023 жылдың 6 айында мүгедектік тобын белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматының пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде Қазақстанның барлық өңірінен 31,7 мыңнан астам өтінім қаралды.
Бұл - куәландырудан өткен мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының 24,7 пайызы.
Қазіргі уақытта жобаға 740-тан астам медициналық ұйым қосылған.
2022 жылы сырттай куәландыру бойынша 57,1 мың өтінім қаралды, бұл - куәландырудан өткен мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының 22,7 пайызы.
Мүгедектік тобын белгілеу жөніндегі қызметті алу үшін өтініш берушіге тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгіну және қажетті тексеруден өту қажет, қалған процестер ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен оның қатысуынсыз өтеді.
Сырттай куәландыруға көшу:
- әкімшілік және бюрократиялық кедергілерді жояды;
- МӘС сараптамалық шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді;
- мүгедектікті белгілеу және мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау шараларын анықтау бойынша қызметтерді үйден шықпай-ақ алуға мүмкіндік береді;
- көрсетілетін қызметті алушының көрсетілетін қызметті берушімен тікелей байланысын болдырмайды, сол арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.