Жыл басынан бері 300 агрессор қылмыстық жауапкершілікке тартылған
Жыл басынан бері полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 35 мыңнан астам өтініш түскен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаева мәлімдеді.
Жыл басынан тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша полицияға 35 мыңнан астам өтініш түсті. Полиция әрбір сигнал бойынша ден қою шараларын қабылдайды. Биыл әкімшілік жауапкершілікке 6 мың құқық бұзушы тартылды. 300 агрессорға қылмыстық жауапкершілік жүктелді. Алайда көп жағдайда жәбірленушілер полиция қызметкерлері келгеннен кейін іс қозғауға арыз жазудан бас тартады, - деп атап өтті аға инспектор.
Айтуынша, өтінішсіз, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, полиция қызметкері «үй тирандарын» жауапқа тарта алмайды.
Осылайша, «агрессорлардың» тек 17%-ы ғана жазаланды. Нәтижесінде жазасыздық жүгенсіздекке жол беріп отыр. Сондықтан статистика бойынша бұрын болған тұрмыстық жанжалдардың 12%-ы қайталанады. Отбасындағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету үшін ішкі істер органдары кешенді шаралар қабылдауда. Жеке-профилактикалық жұмыс жандандырылды. Жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері «агрессорларға» қатысты 33 мың қорғау нұсқамаларын шығарды. Сот полицияның өтініші бойынша құқық бұзушылардың мінез-құлқына 5,5 мыңнан астам ерекше талаптар орнатты. Оның ішінде 4 мың құқық бұзушыға қатысты алкогольдік ішімдіктерді, есірткі құралдарын пайдалануға тыйым салынды, - деді Ақмарал Серікбаева.
Бұған дейін елордалық полицейлер 6-қабаттан секірмек болған азаматты құтқарғанын хабарланды.