Жыл басынан бері 2 мыңнан астам қазақстандық жол апатынан қаза болған – ІІМ

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Жыл басынан бері жол апаттары 2 мыңнан астам адамның өмірін қиды, ал 15 мыңнан астам адам әртүрлі дәрежеде жарақат алды. Қараша айында 300-ден астам жол-көлік оқиғасы болып, 60-қа жуық адам қаза тауып, 400-ге жуық адам жарақат алды. Екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырған апаттар ерекше алаңдаушылық туғызады, - деп атап өтті ведомство өкілі. 

Сонымен қатар ол осы айда орын алған Жамбыл облысындағы жол апатына тоқталды. 

Бұл ай Жамбыл облысындағы жантүршігерлік апаттан басталды. Жолаушылар пойызы Audi 100 автокөлігімен соқтығысты, кейін белгілі болғандай, көлік жүргізушісі қауіпсіздікке көз жеткізбей теміржол желісіне шығып кеткен. Соның салдарынан оқиға орнында жүргізуші мен бес жолаушы қаза тапты. Қостанай облысында Chevrolet жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жол жанындағы жыраға аударылды. Оқиға салдарынан үшеуі көз жұмды, біреуі дене жарақатын алды, - деді Шұғыла Тұрлыбек. 

Айтуынша, ведомство жол ережелерін сақтау қажеттігін ескертті. 

Қауіпсіздік үшін ІІМ барлығын жол ережелерін, әсіресе автомобильдер арасындағы қашықтықты, бүйірлік аралықты, жылдамдық режимін қатаң сақтауға, сондай-ақ кенеттен тежеліс жасауға және кілт қозғалыстарға жол бермеуге шақырады. Қараша айынан бастап ауа райы күрт нашарлайтыны белгілі. Адамдар бұған бірден үйрене алмайтындықтан, қысқы жолда (көктайғақта, жаңа жауған қарда) жүру кезінде ауа-райының қозғалыс режимдеріне әсерін, жауын-шашын кезінде көрінудің төмендеуін, сондай-ақ автокөлік тежелісінің ұзаруын және оны басқаруға әсер ететін жол төсемінің ілінісу қасиеттерінің өзгеруін ескеру маңызды екенін еске саламыз, - дейді ол. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы