Жыл басынан бері 10 мыңға жуық жол-көлік оқиғасы тіркелген
Биыл қаңтар мен қыркүйек айлары аралығында елімізде 9,9 мың жол-көлік оқиғасы тіркелді, ең көп жол-көлік оқиғасы Алматыда тіркелген, деп хабарлады BAQ.KZ.
Ranking.kz зерттеуінше, жол-көлік оқиғалары көбінесе Алматы қаласында тіркелді. Одан кейінгі орында Алматы (961 оқиға, 37,6% азайған) және Жамбыл (695 оқиға, 39,4% азайған) облыстары тұр.
Ал ең аз тіркелген өңір – Ұлытау облысы. Мұнда 42 жол-көлік оқиғасы болған. Одан кейін Атырау (218 оқиға) және Қарағанды (236 оқиға) облыстары.
Биыл елімізде жол-көлік оқиғалары салдарынан 12,3 мың адам жараланды. Олардың 7,1 мыңы ерлер және 5,2 мыңы әйелдер. Бұлардың ішінде – 2,8 мыңы кәмелетке толмағандар.
Жыл басынан бері жол апатынан 1,7 мың адам қаза тапты. Бұл өткен көрсеткіштен 2,1 пайызға аз.
Ал өңірлер бойынша жол-көлік оқиғаларынан ең көп зардап шеккендер Алматыда (2,8 мың адам), сондай-ақ Алматы (1,4 мың адам) және Жамбыл (1,2 мың адам) облыстарында, ең азы Ұлытауда (67 адам), сондай-ақ Қарағанды және Атырау (әр облыста 362 адам) облыстарында тіркелген.