9 Маусым 2026, 12:22 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Жыл басынан 11 мыңнан астам агрессор қамауға алынды

Қазақстанда жыл басынан бері 41 мыңнан астам құқық бұзушы жауапқа тартылды.

Қазақстанда әйелдерге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың жолын кесу жұмыстары күшейтілді. Бұл туралы Мәжілісте Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, жыл басынан бері 41 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 11 мыңнан астам адам әкімшілік қамауға алынған. Сондай-ақ полиция 35 мыңнан астам қорғау нұсқамасын шығарған.

Соттардың шешімімен 9,2 мың агрессорға ерекше мінез-құлық талаптары белгіленді. Оның ішінде 8,3 мың адамға алкогольдік ішімдіктерді тұтынуға тыйым салынды, – деді Әділов.

Министр орынбасарының мәліметінше, енгізілген шектеулерді бұзғаны үшін 10 мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылған. Сот шешімімен олардың барлығына міндетті психокоррекциялық бағдарламалар тағайындалған.

Сонымен қатар «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» жаңа заң аясында 1 928 адамға ресми ескерту берілген.

Ал 49 құқық бұзушыға сот шешімімен жәбірленушілерге жақындауға тыйым салынған.

Санжар Әділов Ішкі істер министрлігі дағдарыс орталықтарымен, білім беру ұйымдарымен, әлеуметтік қорғау органдарымен және үкіметтік емес ұйымдармен тығыз жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

Бұған дейін "жоқ" десе де қоймай, SMS жазатын сталкерлер 5 жылға сотталуы мүмкін екені жайлы жазған едік.