Жыл басталғалы елордада 5 мыңға жуық адам ЖРВИ жұқтырған
Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пірәлиева елордадағы эпидемиологиялық жағдай туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, 2025 жыл басталған бір апта ішінде (2 мен 8 қаңтар аралығында) Астанада жіті респираторлық вирустық инфекция жұқтырудың 4666 жағдайы тіркелген. Бұл 100 мың тұрғынға шаққанда 320,0-ге тең.
Аурушаңдық деңгейі 2024 жылғы 52 аптаның көрсеткіші деңгейінде және өткен жылдың баламалы кезеңімен салыстырғанда 1,3 есеге төмен, - деп атап өтті ведомство басшысының орынбасары.
Эпидемиологиялық кезең басталғалы (2024 жылғы 1 қазаннан бастап) аурушаңдық деңгейі былтырғы эпидемиялық маусымның баламалы кезеңіндегі көрсеткіштен 4 пайызға артқаны белгілі болды.
Елорда халқының арасында барлығы 107353 жіті респираторлық вирустық инфекция жұқтыру жағдайы тіркелді. Бұл 7107,7 көрсеткішке ие. Салыстыру үшін айтар болсақ, өткен эпидемиялық маусымда 99138 жағдай анықталған. ЖРВИ бойынша қатер тобының арасында ауруға шалдыққандардың салыстырмалы үлесі 14 жасқа дейінгі балалар арасында 51,4%-ды және 1 жасқа толмаған балалар арасында 4,3 %-ды, жүкті әйелдер арасында 2,3%-ды құрады. Оқушылар арасында аурушаңдық 17,3%-ға, мектепке дейінгі мекемелерге баратын балаларда 10,3%-ға тең болды, - деді Жанна Пірәлиева.
Вирусологиялық зерттеулер мониторингі А(H1N1)pdm09 типті вирустың таралуына қатысты – 216 сынама анықталып, 97%-ды құрағанын, А(H3N2) типті вирустың 5 сынамасы айқындалып, 2%-ды құрағанын, сондай-ақ В типті тұмау вирусын жұқтырудың бір жағдайы кездескенін көрсетті.
Covid-19 вирусы "ауыр жіті респираторлық инфекция" және "грипптәріздес ауру" стандартты анықтамасына сәйкесетін науқастарда анықталған жоқ. Гриптік емес вирустардың ішінде риновирус (88 жағдай), риносинтициалды вирус (60 жағдай), бокавирус (26 жағдай), human коронавирус – 27, аденовирус - 19, парагрипп - 13, метапневмовирус – 6 жағдайлары кездесті. Сондай-ақ 168 жағдайда бір науқаста екі немесе үш вирустың қосарлануы байқалды. Метапневмовирус – бұл көптеген мемлекетте, соның ішінде Қазақстанда басқа вирус түрлерімен қатар жыл сайын циркуляцияда болатын жоғарғы тынысалу жолдарының классикалық вирустарының бірі. Ол әсіресе ЖРВИ мен тұмаудың маусымдық асқынуы кезінде ауада белсенді таралып, ауа-тамшылы жолмен жұғады, - деп түсіндірді департамент өкілі.
Астана қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті халықты, әсіресе созылмалы ауруға шалдыққан жандарды адамдар көп жиналған орындарға бармауға, сақтық шараларын сақтауға шақырады.
Сондай-ақ:
- Ғимаратты тұрақты түрде желдетіп тұруға;
- Тұмау және ЖРВИ симптомдары болған кезде балаларды үйде қалдырып, ұжымның арасына (мектепке дейінгі мекемелер, мектеп) жібермеуге;
- Ауру белгілері байқалған жағдайда медициналық көмекке дер кезінде жүгінуге;
- Респираторлық гигиена ережелерін (түшкіру немесе жөтелу кезінде ауыз бен мұрынды жабу) сақтауға;
- Қолды тұрақты жууға кеңес береді.