Жүздеген жолаушысы бар екі ұшақ соқтығысты
Шереметьево әуежайында екі жолаушылар ұшағы соқтығысты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі gazeta.ru-ға сілтеме жасап.
Пекиннен келген Hainan Airlines әуе компаниясының Airbus A330 ұшағы рулеж кезінде қанатымен Санкт-Петербургке ұшуға дайындалып тұрған "Россия" әуе компаниясының Sukhoi Superjet 100 ұшағының құйрық бөлігін қағып өтті.
Росавиацияның мәліметінше, ұшақтарда жүздеген жолаушы болған, алайда ешкім зардап шеккен жоқ.
"Жолаушыларға қауіп төнген жоқ", - деп мәлімдеді ведомствоның ресми өкілі.
Ол мұндай оқиғалар "экипаждардың әрекеттері мен диспетчерлік қызметтердің жұмысын қоса алғанда, барлық жағдайларды мұқият тексеруді қажет етеді" деп атап өтті.
Superjet ұшағында 84 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. Оларды эвакуациялап, кейін резервтік ұшаққа отырғызды. Ол Санкт-Петербургке 23:56-да ұшып шықты.
Қытайлық Airbus бортында 264 жолаушы болған. Оқиғадан кейін ұшақты техникалық тексеруге жіберіп, ұшу уақытын кейінге қалдырды. БАҚ дерегінше, жолаушылардың бір бөлігі түнімен Мәскеуде қалуға мәжбүр болды.
Superjet ұшағында – руль бөлігі, ал Airbus ұшағында – қанаттың бір бөлігі бүлінген. Өрт те, жанармайдың төгілуі де болмаған. Әуежай әкімшілігінің хабарлауынша, апаттық қызметтер бірден жеткенімен, олардың көмегі қажет болмады.
Жағдай ұшулардың қауіпсіздігіне әсер еткен жоқ және тез арада оқшауланды, - деп нақтылады Шереметьевода.
Бірқатар рейстер кешіктірілгенімен, түн ішінде кесте қалпына келтірілді.
"Россия" әуе компаниясы өз ұшағы басқа әуе компаниясының бортына тиіп кеткенін растады.
Маневр жасау кезінде басқа әуе компаниясының ұшағы біздің SSJ-100 ұшағымыздың руль бөлігіне қанатымен тиген. FV6097 рейсінің жолаушылары резервтік ұшаққа отырғызылып, Санкт-Петербургке сәтті жеткізілді, - делінген компанияның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Ал Hainan Airlines әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін салонында егеуқұйрық жүрген ұшақ рейсі үш сағатқа кешіккенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, 13 жасар бала ұшақтың шасси қуысына тығылып, 90 минут ұшқан.