Бүгiн 2026, 12:55 Фото: Фото: Руслан Мустафин

Жүздеген миллиондық талап: Депутат машина жасаудағы бизнес мәселесін көтерді

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев машина жасау саласында ШОБ-қа қойылған ауыр талаптар мен цифрлық жүйедегі олқылықтарды атады.

ҚР Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумында отандық өндірушілерді қолдаудағы жүйелі мәселелерді көтерді. Оның айтуынша, әңгіме бизнеске қойылатын кедергілер, тізілімнің жетілмегендігі және цифрлық платформалардың бытыраңқылығы туралы болып отыр.

Жаңа кәсіпорындар мен ШОБ үшін кедергілер

Ол негізгі проблемалардың бірі ретінде жергіліктендіру деңгейі бойынша санаттаудың жоқтығын атады. Депутаттың пікірінше, бұл әртүрлі даму кезеңіндегі кәсіпорындардың бірдей талаппен бағалануына әкеліп отыр.

Бүгінде пысықталу және даму деңгейі әртүрлі кәсіпорындардың барлығы технологиялық операцияларға қатысты бірдей критерийлерге сай болуға тиіс. Бұл ретте олардың ұйымдастырушылық және басқарушылық жетілу деңгейі ескерілмейді. Меніңше, бұл дұрыс емес. Соның салдарынан салаға енді ғана келген, жұмысын жаңа бастаған кәсіпорындарды қолдаудан өзіміз бас тартып отырмыз. Ал жаңа субъектілер мен жаңа кәсіпорындар тобы пайда болмайынша, даму міндетін шешу мүмкін емес, – деді Азат Перуашев.

Сонымен қатар депутат ең төменгі келісімшарт көлеміне қойылатын талаптарға да назар аударды. Оның айтуынша, мұндай келісімдер көлемі жүздеген миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін. Осындай шарттар, әсіресе ауылдық сектордағы шағын және орта бизнес үшін нарыққа кіруді іс жүзінде мүмкін емес етіп отыр.

Нарықтағы шығындар мен кәсіпорындарға төнген қауіп

Перуашевтің сөзінше, қолданыстағы тетіктер қазірдің өзінде нақты салдарға алып келген. Жыл басынан бері бірқатар кәсіпорын келісімшарттарынан айырылып, нарықтағы үлесінің бір бөлігін жоғалтқан. Бұл өз кезегінде қаржылық шығындарға себеп болған.

Тізілім мен цифрландырудағы түйткілдер

Депутат отандық өндірушілер тізілімі мен цифрлық платформалардың жұмысына да жеке тоқталды. Ол жүйелердің бір-бірімен үйлеспейтінін, соның салдарынан бизнес жұмысы күрделеніп отырғанын айтты.

Азат Перуашев тізілімді өнеркәсіптік саясаттың тиімді құралы ретінде жетілдіруге, оны басқа жүйелермен ықпалдастыруға және цифрлық платформаларды өзара синхрондауға шақырды. Оның сөзінше, кәсіпорындардың өндірістік мүмкіндігін есепке алып қана қоймай, отандық өнімді нарықта ілгерілетуге де нақты қолдау қажет.