Жүздеген ауыл баласы еліміздің көрікті жерлерін аралап жүр

Ертіс өңірінің жүздеген оқушысы жазғы демалыс аясында еліміздің көрікті жерлерінде саяхаттап жүр, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Ел аралап жүрген ауыл балаларының қатарында Май және Баянауыл аудандарының оқушылары бар.

Облыстық білім беру басқармасы өкілдерінің айтуынша, «Май Жібек жолы» жобасы шеңберінде 100-ге жуық оқушы «Ақшиман-Торайғыр» бағытындағы үш күндік сапарға қатысып, өңіріміздің тарихымен танысып жатыр. 

Оқушылар Май ауданында «Қалмақ қырылған» тауының бөктеріне саяхаттап, Мақат қажы, Ақбалық Хәзірет, Қайса ата кесенелеріне барып қызықты мағлұматтар алды.

Май Жібек жолы» жобасының мақсаты – оқушыларды ауданымыздағы және өңіріміздегі тарихи, киелі жерлермен таныстыру. Саяхат барысында Баянауыл ауданының Торайғыр ауылына жол түсті. Балалар сол жердің әсем табиғатын тамашалап, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың кесенесі мен мұражайына барды. Жергілікті халық арасында «Сәкен шыңы» деп аталып кеткен тау жоталарын көрген оқушылар Ақбеттаудың баурайындағы айнадай жарқыраған көл жағасында демалды, - дейді аудандық білім беру басқармасының басшысы Руслан Еңсебаев.

Ал баянауылдық оқушылар Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының көрікті жерлерін аралады.

Сапар Қарқаралы ұлттық паркінен басталды. Саябақ аумағында аңдардың 40, құстардың 114, өсімдіктердің 66 түрі  тіршілік етеді. Барлығы мемлекеттің қорғауында. Біз аты аңызға айналған Шайтанкөлде де болдық.   Сонымен қатар, «Құнанбай қажы мешіті», «Қарқаралы тарихи – өлкетану» мұражайына аяқ бастық. Жас саяхатшыларға  бұл сапар ерекше эмоция мен көңіл күй сыйлады, - дейді ұйымдастырушылар.

Айта кетейік, Ертіс өңірінің 109 мыңнан астам оқушысы жазғы демалыспен қамтылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gov.kz
Өзгелердің жаңалығы